Ауыл шаруашылығының пайдаланылмайтын 5 млн гектар жері мемлекеттік меншікке қайтарылады

25 Мамыр 2022, 14:35
1336
Бөлісу:
Ауыл шаруашылығының пайдаланылмайтын 5 млн гектар жері мемлекеттік меншікке қайтарылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек мәлімдеді. 

Оның айтуынша, биыл қолданылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер мемлекет еншісіне қайтарылады. 

Былтырғымен салыстырғанда осы жылы 5 млн гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік меншікке қайтаруды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте, пайдаланылмайтын және заңсыз берілген жерлерді қайтарып алу бір күннің жұмысы емес екенін атап өтемін. Себебі Конституцияның және Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес меншік құқығы қорғалған, ал алып қою процесі тек сот арқылы жүзеге асырылады, - деп атап өтті вице-министр. 

Осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес арнайы комиссия да құрылыпты. Мәлімдеуінше, комиссия 28 сәуірден бастап жұмыс істеп жатыр. 

Комиссияның негізгі міндеті – мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-әрекеттерін күшейту, сондай-ақ оларды шешу бойынша жүйелі заңнамалық шараларды қабылдау арқылы пайдаланылмайтын және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып берілген жер учаскелерін алып қою бойынша іс-шараларды күшейту. Комиссия тұрақты және ұзақ мерзімде қызмет ететін болады, - деді ведомство басшысы. 

Өзгелердің жаңалығы