Әскерилер өмірі: Бітімгерлер, оқ-дәрі қоймалары мен техника және әскери әйелдер

Әскерилер өмірі: Бітімгерлер, оқ-дәрі қоймалары мен техника және әскери әйелдер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Қазақстан Қарулы күштеріне 30 жыл толды. Осы орайда еліміздегі әскердің әлеуеті мен қоймалардың жағдайы, әскерилердің жалақысы, бітімгерлік миссия, әйелдердің әскердегі үлесі туралы Қорғаныс министрлігіне сауал жолдаған едік. 30 жылда қорғаныс жүйесінің жетістігі мен жемісі жайлы келесі сұхбаттан оқи аласыздар. 

-Биыл Қарулы күштерге 30 жыл толды. Қазақстан Қарулы күштерінің қатарында қанша адам бар? 

-Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріндегі әскер саны туралы мәлімет таратылуы шектеулі ақпарат. Биыл 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы күштері 30 жылдығын атап өтті. 

- Тәуелсіздік жылдары еліміздің әскери-техникалық базасы қаншалықты жаңарды?

-Мемлекет басшысы армияны қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи және жоғары технологиялық үлгілерімен жабдықтау қажеттігіне баса назар аударып келеді. Осыған сәйкес, әскерлердің сапалық параметрін арттыру мен оларды кезең-кезеңмен қайта қаруландыру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.

Әскерилер өмірі: Бітімгерлер, оқ-дәрі қоймалары мен техника және әскери әйелдер

Қазіргі қолданыстағы бронды техникалардың дені кеңестік және ресейлік өнімдер. Десек те, Қазақстанда заманауи сауытты дөңгелекті машиналар шығару оң жолға қойылған. Бұдан өзге, зымырандық-артиллериялық және ауыр от шашатын жүйелер, радиоэлектрондық барлау және күрес кешендері сатып алынып жатыр.

Әуе қорғанысы күштерінің де жай-күйі ел басшылығының жіті назарында. Қазіргі заманғы сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерді ескере отырып, еліміздің әуе шебін күзетуде жауынгерлік кезекшілікте тұрған бөлімшелер қару-жарақтың озық түрлерімен жарақтандырылуға тиіс. Қайта қаруландыру бағдарламасына сәйкес, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері жаңа және жаңғыртылған зымырандық кешендер мен радиолокациялық станциялармен қамтамасыз етілді. Қару-жарақтың жекелеген түрлерін жаңғыртуды «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде қазақстандық кәсіпорындар жүзеге асырып келеді. Әуе қорғанысы күштерінің авиациялық паркі қазіргі заманғы жойғыш ұшақтармен, әскери-көлік ұшақтарымен, соққы беруші және көліктік-жауынгерлік тікұшақтармен толықтырылды. Сонымен қатар барлау тапсырмаларын орындау, кедергі қою және жерүсті нысандарына дәл соққы беруге арналған екпінді-барлау, барлау және тактикалық ұшқышсыз басқарылатын ұшу құрылғылары сатып алынды.

Қару-жарақтың соңғы, қуатты үлгілерін сатып алумен қатар, Қорғаныс министрлігі қолда бар техниканы жөндеу мен жаңғырту жұмыстарын да  жалғастырып келеді. Мысалы, Қорғаныс министрлігінің тапсырыстары бойынша отандық кәсіпорындар бронды техникаға (Т-72 танкілері, БМП-2 және БТР-80) жөндеу мен жаңғыртуды іске асырды. Олар жаңартылғаннан кейін жүруі, қуаты анағұрлым артып, сипаттамалары жақсарып, атысты басқару жүйесі жаңарып, басқа да артықшылықтарға ие болады. Қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеу мен техникалық қызмет көрсету саласында Беларусь, Германия, Испания, Ресей, Польша, Франция және басқа елдердің көсіпорындарымен жұмыс жолға қойылды. 

Жалпы қару-жарақ пен әскери техниканың номенклатурасы кеңейтіліп, оларды ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстары Қарулы күштерінің жөндеу бөлімдерінде іске асырылады.   

-Еліміздегі әскери қоймалардың заманауи талаптарға сәйкестігі қандай деңгейде? Оларды тексеру қалай жүзеге асырылып жатыр? 

-Әскери қоймалар әскери мүлікті сақтауда қазіргі заманның  талаптарына сай келеді. Арыс оқиғасынан кейін Қарулы күштерде қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін (әскери қоймаларды) жетілдіру жөніндегі кешенді жоспар қабылданды. Оқ-дәрілерді сақтау объектілерінің айналасындағы тыйым салынған аймақтар мен аудандарға қатысты мәселелер де заңды түрде бекітілді. 

Әскерилер өмірі: Бітімгерлер, оқ-дәрі қоймалары мен техника және әскери әйелдер

Қорғаныс министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі кәсіпорындарымен бірлесіп, пайдалануға жарамсыз және одан әрі сақтау үшін қауіпті оқ-дәрілерді кәдеге жарату жөніндегі шараларды орындауға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер қабылдады.

«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы аясында елдімекендерден қауіпсіз қашықтықта орналасқан оқ-дәрілерді сақтаудың заманауи базалары салынады. Бұл алдымен оқ-дәрілерді сақтауға және азаматтардың қауіпсіздігі мәселелерін оңтайлы шешуге көмектеседі.

Оқ-дәрілерді сақтау орындарында өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді. Модульдік өрт сөндіру деполары салынды, жайтартқыштар орнатылды. Өрт сөндіруге қажетті су айдындары салынды. Оқ-дәрілері бар қоймаларға автоматты өрт сөндіру жүйелері орнатылды.

Әскери қоймаларды тексеру басшы құжаттар мен регламенттеуші актілерге сәйкес тұрақты жүргізіледі. Тексеру былайша өткізіледі: басшылыққа алынатын құжаттарға және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес тексерілетін қоймалардың жолдамасы бойынша құзыретті мамандар кіретін комиссия тағайындалады, онда әскери қоймаларды тексеру тәртібі мен кезеңділігі егжей-тегжейлі жазылған. Нақты ақпарат шектеулі.  

-Әскерилердің жалақысын арттыру бойынша нақты көрсеткіштерді атап өтсеңіз. Осы 30 жылда әскери қызметшілердің жалақысы қанша есеге өсті?

- 30 жылда әскери қызметшілердің жалақысының қандай болғанын салыстыру дұрыс емес. Себебі оның нақты мөлшеріне әсер етуші көптеген факторлар бар. Мысалы, ақшаның құнсыздануы, сатып алу мүмкіндігі, өмір сүру деңгейі.  

Әскерилер өмірі: Бітімгерлер, оқ-дәрі қоймалары мен техника және әскери әйелдер

Әскери қызметшілерге жалақы емес, ақшалай үлес төленеді. Ақшалай үлес лауазымдық және әскери атағы үшін жалақыдан, біліктілік, мемлекеттік құпиямен жұмыс үшін үстемақылардан, коммуналдық қызметтер үшін төлемдерден тұрады. Сонымен қатар әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемақысы да төленетінін атап өткен жөн.    

ҚР Президенті Қарулы күштердің қалыптасуының барлық кезеңдерінде байқалатын әскери қызметшілердің ақшалай ризығы мәселелеріне көп көңіл бөледі.

Мәселен, соңғы жылдары Жоғарғы Бас қолбасшының қолдауымен Қарулы күштері әскери қызметшілерінің ақшалай үлесін арттыру мәселесі бойынша бірқатар оң шешімдер қабылданды, олардың ішінен мыналарды бөліп көрсетуге болады:

- 2017 жылғы 1 шілдеден бастап әскери қызметшілердің барлық санаттарының лауазымдық айлықақыларының мөлшерін 25%-ға артты.

- 2017 жылғы 1 сәуірден бастап офицерлік құрамның сыныптылығы үшін үстемақы артты (лауазымдық жалақыдан 10, 20, 30% мөлшерінде, бұрын 3-5% болған).

- 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ұшу құрамының әскери қызметшілерінің лауазымдық айлықақылары екі есе артты.

Бұдан басқа, 2020 жылы ҚР Үкіметі 2021-2023 жылдар ішінде ҚР Қарулы күштері әскери қызметшілерінің лауазымдық айлықақыларын кезең-кезеңімен арттыру бойынша еңбекақы төлеуді жүйелендіру жұмысын жүргізді.

2021-2023 жылдар аралығында лауазымдық жалақылардың өсуі орта есеппен 60% болады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап Қарулы күштердегі арнайы бөлімшелер әскери қызметшілерінің  лауазымдық айлықақылары 20%-ға өсті. 

-Қарулы күштер қандай ірі халықаралық әскери оқу-жаттығуларға қатысты? Олардан қандай тәжрибе алуға болады?

- Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әскер түрлері мен тектері құрылымдарының жауынгерлік даярлық деңгейін арттыруға және жетілдіру бағытында көптеген жетістіктерге жетіп, осы күнге дейін Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының және Қорғаныс министрінің бастауымен, әскерлердің жауынгерлік даярлығын жетілдіруде әр түрлі заманауи әдістері мен тәсілдерін қолданып келеміз.

Әскерилер өмірі: Бітімгерлер, оқ-дәрі қоймалары мен техника және әскери әйелдер

Солардың көрсеткіші - әскер түрлері мен тектерінің құрылымдық бөлімдерінің түрлі халықаралық ірі оқу жаттығуларға қатысу және тәжірибелік іс-әрекеттерінің машықтарымен бөлісу. Атап атйқанда, Қазақстан Қарулы күштері ҰҚШҰ-ға мүше  мемлекеттері арасындағы «Эшелон», «Поиск», «Нерушимое братство», «Рубеж», «Взаимодействие» оқу-жаттығуларына, екіжақты «ҚАЗИНД» (Үндістан), «Хамкорлик», «Қалқан» (Өзбекстан), «Достарым» (Пәкістан), «Анатолия» (Түркия) және «Степной орел», «Региональная безопасность», «Алтын үкі» көпұлтты оқу жаттығуларына қатысады. 

Бұдан басқа да көптеген халықаралық оқу-жаттығулар жоспарланып, жыл сайын оларға ҚР ҚК құрылымдарының бөлімшелері қатысып, өздерінің тәжрибелік дағдыларын жетілдіру арқылы басқа елдердің қарулы күштері арасында күш сынасып, білектіліктерін көрсетеді. 

Осы оқу-жаттығулардың қортындысы негізінде ҚР ҚК әскер тектері мен түрлері құрылымдық бөлімшелері тәжірибелік дағдыларын жоғарлатады және басқа мемлекеттердің әскерлерінің ұрыстық іс-қимылдарымен бөлісіп, шеберліктерін арттырады. Ал негізгі мақсаты – мемлекеттер арасындағы өзара ынтымақтастықты және достастықты күшейту.

-Гендерлік теңдік мәселесіне келсек. Қарулы күштер құрамында әйелдердің үлесі қанша пайыз?

 - Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің барлық жеке құрамынан әскери қызметші әйелдердің үлесі шамамен 13%. 

Әскерилер өмірі: Бітімгерлер, оқ-дәрі қоймалары мен техника және әскери әйелдер

Әскери қызметші әйелдер ерлермен бірдей оқу-жауынгерлік міндеттерді орындай отырып, қызметті адал атқарып жүр. Олардың арасында ұшқыштар мен матростар, десантшылар мен барлаушылар, мергендер мен механик-жүргізушілер де бар. Осындай көпке үлгі-өнеге болып жүрген қыздарымыздың бірі – аға лейтенант Ардана Ботай. Ол қазақтан шыққан бірінші және жалғыз әйел ұшқыш-истребитель. Олардың қатарында әскери теңізші қыздар – 2-ші сыныпты старшина Дарья Кириченко, 1-ші дәрежелі старшина Майра Әбдірахманова және басқаларары бар. Әйелдер қызметте ғана емес, спортта да жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Подполковник Ольга Рыпакова – жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы. Сержант Людмила Губарева – биатлоннан және офицерлік үш сайыстан Қазақстан спорт шебері, Армия халықаралық ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері және жеңімпазы. Сонымен қатар әйелдер армияның басшы құрамында да қызмет етіп жүр. Еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина Қорғаныс министрлігі Армия спорт клубының төрағасы болып қызмет атқарады.

-Қазақстандағы әскери техниканың қанша бөлігі отандық? Техниканың басым бөлігі қандай елдерде өндірілген? 

- Қарулы күштерді әскери техникамен және қару-жарақ құрамындағы отандық өнім шамамен 50-60%.

Қару-жарақ пен әскери техникамен жарақтандыру жөніндегі іс-шараларды жоспарлау кезінде бірінші кезекте өндірісі мен техникалық сүйемелденуі отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің кәсіпорындарында игерілген үлгілерге үстемдік беріледі. 

Әскерилер өмірі: Бітімгерлер, оқ-дәрі қоймалары мен техника және әскери әйелдер

Бұл ҚР Қарулы күштерді қаруландыруға жауынгерлік мүмкіндіктері бойынша әлемдік техникалық деңгейге сәйкес келетін заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың едәуір санын жеткізуге мүмкіндік берді. Жекелеп алғанда, «Арлан» брондалған дөңгелекті машиналары, зымыран-артиллериялық корабльдері, «НҰР» радиолокациялық станциялары, байланыс техникасы мен құралдары, оптикалық көздеуіштер, автомобильдік техника және қару-жарақ пен әскери техниканың бірқатар түрі сатып алынды. Отандық өнім шығаратын  кәсіпорындарында қару-жарақты күрделі жөндеу мен жаңғырту жүргізілуде.  Бұл көптеген үлгілерге сапалы жаңа сипаттамаларға ие болуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, әлемде болып жатқан соңғы қарулы қақтығыстар өзін жақсы жағынан көрсеткен үлгілер сатып алынуда. Мысалы, Ресей Федерациясынан – көп функциялы жойғыштар, жауынгерлік тікұшақтар, зениттік зымыран кешендері, броньды транспортерлар; Еуропа өндірушілерінен – әскери-көлік ұшақтары, РЭК құралдары; Қытай және Израиль өндірушілерінен – түрлі сыныптағы және мақсаттағы ҰҰА кешендері; Беларусь өндірісінің радиолокациялық станциялары және Түркия өндірісінің ҰҰА-ға қарсы соққы беруші кешендері.

- Еліміз ТМД көлемінде және алыс-жақын шет елдерде бітімгершілік міндетін атқаратын сарбаздар да бар. Оларға қандай талаптар қойылып, қандай міндеттер жүктеледі?

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Қарулы күштері қатарынан
15 әскери қызметші, оның ішінде  Біріккен Ұлттар Ұйымының Батыс Сахарадағы миссиясында әскери бақылаушы ретінде 6 офицер, Ливандағы миссиясында штаб офицері ретінде 3 офицер және Үнді батальоны құрамында әскери контингент ретінде 6 әскери қызметші қызмет атқаруда. 

Әскерилер өмірі: Бітімгерлер, оқ-дәрі қоймалары мен техника және әскери әйелдер

Жалпы 800-ден аса қазақстандық әскери қызметші (Непал, Батыс Сахара, Кот-д’Ивуар, Грузия, Ирак, Ливан елдерінде) бітімгерлік миссияларға қатысты.   

Біздің әскери қызметшілерге басқа ұлт өкілдеріне жүктелетін міндеттер беріледі. БҰҰ стандарттарына сай талаптар қойылып, міндетемелер жүктеледі. БҰҰ миссияларында қызмет атқарып жатқан жеке құрамның негізгі тапсырмалардың бірі – атысты тоқтату туралы келісімнің сақталуын қадағалау және азаматтық тұрғындарды қорғау.

- Өзіңіз білетіндей, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде әскери кадр мәселесі күрделі болатын. Қазіргі таңда кадр тапшылығы жоқ па? Әскери оқу орындары туралы айтамыз. 

- Қалыптасудың күрделі кезеңі мен өз дамуының 30 жылдық шебін еңсере отырып, Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштері жыл сайын қуатты күшейтіп, өзінің жауынгерлік қабілетін арттырып келеді.

Кәсіби кадрларды даярлау жөніндегі міндет мемлекеттік тәуелсіздік алғаннан кейін бірден туындағанын атап өту қажет. 

Әскерилер өмірі: Бітімгерлер, оқ-дәрі қоймалары мен техника және әскери әйелдер

Отыз жыл ішінде елімізде әскери кадрларды даярлаудың лейтенанттан генералға дейінгі көп деңгейлі жүйесі құрылды. Әскери мамандар Құрлық әскерлерінің әскери институтында, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында дайындалады. Қарулы күштерде сарбаздардың жауынгерлік машығы, бөлімшелердің әскери тәртібі мен моральдық-жауынгерлік жағдайы көбіне байланысты болатын кәсіби сержанттар институты енгізілді. Республикалық әскери мектептер желісі құрылды. 

Бүгінгі таңда әскери білім мен ғылымның флагманы - Ұлттық қорғаныс университеті біздің күштік құрылымдарымыз үшін ғана емес, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер: Армения, Қырғызстан және Тәжікстан үшін де барлық басқару буындарының офицерлерін дайындайды. Бізде сондай-ақ Түркия, БАӘ және Оңтүстік Корея әскери қызметшілері магистратураның түрлі мамандықтары бойынша білім алуда. Ресей, АҚШ, Түркия, Қытай және басқа мемлекеттердің үздік әскери жоғары оқу орындарында тактикалық деңгейдегі, жедел-тактикалық, жедел-стратегиялық және стратегиялық басқару буындарының офицерлері білім алды.

Мотоатқыштар бөлімшелерінің сержанттар құрамының лауазымдарын жасақтауды Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери колледжінің түлектері жүзеге асырады. 

Офицерлік кадрларды жұмылдыру резервін дайындау азаматтық жоғары оқу орындарының жанындағы 36 әскери кафедрада жүзеге асырылады, олар елдің барлық өңірлерін қамтиды.

2021 жылғы 9 ақпанда ҚР Үкіметінің қаулысымен Нұр-Cұлтан қаласындағы «Жас ұлан» республикалық мектебі Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж болып өзгертілді.

Аталған әскери колледжде «Әскери істегі автоматтандыру және инфокоммуникациялық технологиялар», «қару-жарақ пен әскери техникаға техникалық қызмет көрсету» және «РХБҚ инженерлік бөлімшелері мен әскерлерін басқару» мамандықтары бойынша техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары іске асырылуда.

Құрылған әскери білім беру жүйесі оқу-тәрбие процесінің барлық бағыттары бойынша оқу орындарының өзара байланысын және білім беру деңгейлері бойынша оқу бағдарламаларының сабақтастығын қамтамасыз ететінін атап өту қажет.

Қазіргі уақытта Әскери-техникалық мектептер азаматтарды әскери қызметке тегін даярлау және ақылы негізде әскери оқытылған резервті даярлау сияқты негізгі 2 бағытта жұмыс істейді. Әскери-техникалық мектепте оқыту атқыш, оқшашаршы, гранатаатқыш, мерген, санитар-атқыш және тағы сол сияқты негізгі және кең таралған мамандықтар бойынша жүргізіледі.

Таяудағы перспективада жауынгерлік қамтамасыз ету бағыттары, оның ішінде инженерлік әскерлер, РХБҚ, барлау, байланыс мамандарын даярлау және соғыс уақытында сұранысқа ие басқа да мамандықтар бойынша оқыту бағдарламаларын әзірлеу және енгізу жоспарлануда.

Жүргізілген жұмыс нәтижесінде бүгінде елімізде әскери білім беру жүйесі құрылып, барлық заманауи талаптарға жауап береді деп нық сеніммен айтуға болады. 

Сонымен қатар, кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында әскери білім беру жүйесін дамыту және кадр саясатын жетілдіру шаралары қабылдануда. Бұл тұрғыда Қарулы күштердегі кадр саясатының 2027 жылға дейін тұжырымдамасы бекітілді.   

- Еліміз қай мемлекеттермен әскери қарым-қатынаста тығыз жұмыс істейді? 

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Түркия Республикасы, Орталық Азия елдерімен, АҚШ, Еуропа одағы елдерімен екі жақты форматта да, халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберінде де, атап айтқанда ҰҚШҰ, халықаралық әскери ынтымақтастықты жүзеге асырып келеді. Оған Қазақстан Республикасының халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларды құрметтейтіні, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен тату көршілік қатынастарды сақтайтыны, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізетіні, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тартатыны көрсетілген Конституция мен сыртқы саясат тұжырымдамасы негіз болып табылады. Ынтымақтастық мақсаттары мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оның ұлттық мүдделерін қорғау үшін қажетті жағдайлар жасауға қатысу, сондай-ақ мемлекеттермен халықаралық және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған өзара іс-қимылды нығайту болып табылады.

-Жақында Президент елдегі мемлекеттік қызмет саласындағы бюрократиямен күресу туралы Жарлыққа қол қойды. Өзіңіз басқарып отырған салада бюрократия бар деп ойлайсыз ба? Бар болса онымен қалай күресесіз? Жалпы бюрократиямен күрес мәселесінде қандай тәжірибе ұсынар едіңіз?

-Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы аясында Қорғаныс министрінің нұсқауы бойынша Министрліктің қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштер тыныс-тіршілігінің жекелеген мәселелерінде бюрократияның элементтері бар екені анық. Жауынгерлік іс-қимылдар мен оқу-жаттығулар барысында әскерлерді басқару кезінде шешімдер қабылдаудың сапасы мен жылдамдығын жақсарту мақсатында әскерлерді автоматтандырылған басқару жүйесінің түрлері енгізіледі. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Қарулы күштердің Бас штабы мен құрылымдық бөлімшелері қызметті шамадан тыс заң жүзінде реттеуден босатылатын болады. Электрондық құжат айналымын енгізудің арқасында құжат айналымы мен есептілік көлемін азайта отырып, құжаттарды орындау мерзімдері едәуір қысқартылды. Қызметтік кеңестердің көпшілігі онлайн режимінде өткізіледі. 

Бөлісу: