Асхат Аймағамбетов: Мектепке жаңадан келген мамандарды қолдау керек

24 Мамыр 2022, 15:46
2966
Бөлісу:
Асхат Аймағамбетов: Мектепке жаңадан келген мамандарды қолдау керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов мектепке жаңадан келген мамандарды қолдау қажеттігін айтты.

Мектептерге жаңадан келген әріптестерімізді қолдау өте маңызды. Статистиканы алып қарайтын болсақ, ең маңызды уақыт – ол алғашқы жыл. Еңбек жолын бастаған бірінші жылда жас әріптестеріміз мектепке сіңіп, үйреніп кетсе, онда әрі қарай оңай болады. Егер басынан бастап қолдау болмаса, онда, әрине, жағдай күрделі болады, - дейді Аймағамбетов.

БҒМ басшысы атап өткендей, қазіргі уақытта педагогтерді қолдау және оларға тиісті жағдай жасау – министрліктің күн тәртібінде тұрған ең маңызды мәселелердің бірі.

Тәлімгерлерге де тиісті әдістемелік көмек керек. Оларға қосымша оқыту жұмыстарын және олардың атқаратын міндеттерін регламенттеу қажет. Өйткені «Педагог мәртебесі туралы» заңды қабылдағаннан кейін тәлімгерлікке ай сайын 17 мың теңгедей үстемақы беріп отырмыз. Әрине, бұл жұмыс тек үстемақыны алу үшін ғана болмауы керек. Тәлімгерлерге тиісті әдістемелік көмек көрсетіп, «нақты не істеуі керек?» деген сұраққа жауап беріп, бұйрыққа өзгерістер енгізу қажет, - деп айтты Аймағамбетов.

Сонымен қатар министр тәлімгерлердің жүктемесі азырақ болуы керегін айтты.

Өзгелердің жаңалығы