Алматының екі ауданында Оқушылар сарайы салынып жатыр

24 Қаңтар 2022, 16:45
1764
Бөлісу:
Алматының екі ауданында Оқушылар сарайы салынып жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматының Алатау және Наурызбай аудандарында Оқушылар сарайлары салынып жатыр. Бұл туралы Алматы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты.

Спикердің айтуынша, Алматыда мектептен тыс тегін білім берумен қамту әлі де төмен. Аталған мәселені шешу үшін Алатау және Наурызбай аудандарында екі жаңа Оқушылар сарайының құрылысы басталған. Әрқайсысының қуаттылығы – 675 адам. Бұл нысандар қосымша білім беру және балалардың бос уақытын өткізу бағдарламаларын жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар ол балабақшалар мен мектептегі орын тапшылығы мәселесін шешу жұмыстары белсенді жүріп жатқанын жеткізді. Биыл бюджет есебінен Наурызбай ауданының «Қалқаман-2», Алатау ауданының «Нұркент», «Мәдениет» және «Дархан», Түрксіб ауданының «Қайрат» шағын аудандарында бес мектептің, сондай-ақ №9, 48, 191 үш мектепке қосалқы құрылысы салынады екен.

«Саялы» және «Зерделі» шағын аудандарында барлығы 1100 оқушы орынды екі мектеп, сондай-ақ қаланың алты мектебіне қосалқы құрылыс салу жоспарланған. Ал, мектепке дейінгі білім беру нысандары бойынша Наурызбай, Алатау, Әуезов, Жетісу және Түрксіб аудандарында тоғыз балабақшаның жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау жұмыстары жүргізілуде. 5 жылға дейінгі кезеңде мектептер мен балабақшалардағы тапшылықты жою жоспарлануда, - деді әкімнің орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы