Алматыда қызмет көрсету нысандары қайта жанданды

24 Қаңтар 2022, 13:17
1602
Бөлісу:
Алматыда қызмет көрсету нысандары қайта жанданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Алматы қаласының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында Алматы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов 7700 қызмет көрсету нысаны, 120 ірі өнеркәсіптік кәсіпорын мен қаланың 51 базары да қайтадан жұмыс істей бастағанын хабарлады.

Әкім орынбасарының айтуынша, 149 азық-түлік сауда желілерінің, гипермаркеттер мен супермаркеттердің 146-сы өз қызметін қалпына келтірген, қалған 3-еуі 28 қаңтарға дейін ашылады.

Алматының азық-түлік емес сауда нысандарына келетін болсақ, бүгінде 110-ның 99-ы өз қызметін жандандырды, қалған 11-і ақпан айының соңына дейін жұмысын бастайды.

Бүгінде қаланың 93 сауда-ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің 87-сі жұмыс істейді, қалған 6 нысан қалпына келтіру қызметін жүргізеді. Мысалы, «Мәскеу» СОСО жартылай іске қосылды, толық қалпына келтіру ақпан айының ортасына дейін жоспарланған.

Басқа да зардап шеккен сауда үйлеріне келер болсақ, «Арена» СҮ 1 ақпанда, «Сити Центр» СО 1 ақпанда, «Мобилка» СҮ ақпан айының соңына дейін, «Променад» СО наурыз айының соңына дейін, «Азия парк» СОСО наурыздың 1 онкүндігіне дейін, «Алмалы» СОСО тамыз айының соңына дейін ашу жоспарлануда.

М. Қиқымовтың айтуынша, бүгінде Алматыда 220 жанар-жағармай құю бекеттерінің 190-ы жұмыс істейді, 23 желілік жанар-жағармай құю бекеттері зақымдануды қалпына келтіріп, ақпан айының соңына дейін іске қосылады, өртенген 2 ЖЖҚБ мамыр айының ортасына дейін өз қызметін қалпына келтіруді, 5 желілік емес жанар-жағармай құю бекеттері 30 қаңтарға дейін өз қызметін қалпына келтіруді жоспарлап отыр.

Қаладағы қоғамдық тамақтану объектілерінің басым бөлігі 3 100-дің 3 083-і жұмыс істейді. Наурыз айының ортасына дейін 15 нысан, 1 мамырға дейін тағы 2 нысан іске қосылады.

Қалада 975 дәріхана қызметін қайта бастады.

Өзгелердің жаңалығы