Алматыда бағаны көтеретін дүкендерге мониторинг жүргізіледі

20 Қаңтар 2022, 11:55
1277
Бөлісу:
Алматыда бағаны көтеретін дүкендерге мониторинг жүргізіледі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы әкімдігі үй жанындағы азық-түлік дүкендерінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны негізсіз көтеруіне мониторинг жүргізе бастайды. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының зардап шеккен бизнесті қалпына келтіру және қаланы одан әрі дамыту туралы тапсырмаларын орындау бойынша қала активіне тиісті мәлімдеме жасады.

Әкім үй жанындағы дүкендердің бағаны негізсіз көтеру фактілері бар екенін айта келе, ондай ақпараттар келіп түсіп жатқанын жеткізді. 

Мұндай кезеңде алыпсатарлықпен айналысу өте орынсыз деп санаймын. Осыған байланысты, өзімнің орынбасарым Мақсат Қиқымовқа, кәсіпкерлік басқармасына, аудан әкімдеріне 15%-дан аспайтын сауда үстемесін сақтау бойынша құқық бұзушыларды анықтап, шаралар қабылдау үшін құзыретті органдарға жіберуді тапсырамын. Жосықсыз кәсіпкерлерге қатысты қатаң шаралар қабылдап, күн сайын осы мониторингті жүргізу қажет, - деді Сағынтаев.

Қазіргі уақытта Алматы қаласында 3,5 мыңға жуық дүкен жұмыс істейді. Өткен аптадан бастап «Алматы» ӘКК» АҚ ӘМАТ-ты үй жанындағы дүкендерге тікелей жеткізу бойынша жұмысты бастады. Өндірушілерден тікелей 67 тонна өнім жеткізілді. Көтерме жеткізілімге тапсырыстар жедел желі телефоны бойынша қабылданады +7 707 787 95 35.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шеңберінде Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы сауда желілеріне «айналым» жеңілдікті қарыздарын бөлу бойынша жұмыс жүргізуде.

Өзгелердің жаңалығы