«Алматы жастары» бағдарламасына өтініш қабылдау қашан басталатыны белгілі болды

16 Мамыр 2022, 16:25
1453
Бөлісу:
«Алматы жастары» бағдарламасына өтініш қабылдау қашан басталатыны белгілі болды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласының 35 жасқа дейінгі жастарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2022 жылдың 18 мамырынан 1 маусым аралығында арнайы құрылған «Алматы жастары» сайтында жеңілдетілген тұрғын үй несиесін беру үшін өтініштер мен құжаттарды қабылдау жүргізіледі.

Бұл туралы Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Ермек Әміров брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, сайтта өтініштер мен құжаттарды беру электрондық-цифрлық қолтаңба арқылы жүзеге асырылады. Ұпайларды автоматты түрде есептеу үшін электронды калькулятор енгізілген. Сонымен қатар сайттағы жеке кабинет арқылы берілген өтініштердің мәртебесін өз бетінше қарау мүмкіндігі бар.

2022 жылдың 1 маусымында сағат 23.59-да өтініш қабылдау толық аяқталады және 2-ші мауысымнан бастап барлық берілген өтініштер жүктеледі. Бұдан әрі 20 жұмыс күні ішінде келіп түскен өтініштердің бағдарлама талаптарына сәйкестігі тексеріліп, әрбір санатта жиналған балл санымен тізім құралады,-деді Е. Әміров.

Аталған бағдарламаның бюджеті 18 млрд теңге. Берілетін қарыздың ең жоғарғы шегі 18 млн теңгеге дейін, пайыздық мөлшері 5%, бастапқы жарнасы 10 пайыз. Бұл бағдарламамен бастапқы және қайлатама тұрғын үйді сатып алуға болады. Биыл аталған бағдарламамен 1000 адамды қамту жоспарланған.
 

Өзгелердің жаңалығы