Алматы облысындағы саяжайларға елдімекен статусы берілуі мүмкін

28 Мамыр 2022, 13:00
2993
Бөлісу:
Алматы облысындағы саяжайларға елдімекен статусы берілуі мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысында саяжайлық бірлестіктер мен бау-бақша серіктестіктеріне елді мекен статусын беретін механизм іске қосылып, Алматы аймағында тұратын 183 мыңнан астам адамның аса өзекті мәселелерінің шешілуіне септігін тигізеді.  Бүгін өткен кездесуде облыс әкіміне қойылған сұрақтардың басым бөлігі салаға арналғаны бекер емес, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс бойынша барлығы 705 саяжайлық алқап бар. Сондықтан саяжай мәселесі күн өткен сайын өзекті бола түсуде. Оның тиімді жолмен шешу 135 саяжайы бар Еңбекшіқазақ ауданы үшін де маңызды.

Тұрғындар қойған сауалдарға жауап берген Қанат Бозымбаев саяжай тұрғындары қажетті инфрақұрылымға қол жеткізу үшін, бұл ең алдымен мектептер, балабақшалар, ауруханалар, жолдар мен көшелерді жарықтандыру, орталықтандырылған ауызсу мен табиғи газ болғандықтан саяжайларға елді мекен статусын беру мәселесін шешу керектігін атап өтті. Өйткені, қазақстандық заңнамаға сәйкес жергілікті атқарушы билік бюджет қаржысын ауылдық және қалалық аумақтарды дамытуға ғана жұмсай алады. Саяжай кооперативтері бұдан сырт қалады.

 Осы мәселені мен ел Президентіне, үкімет басшысына жеткіздім. Соған сай қажетті қолдау мен мақұлдау алдық. Қазір әрбір ауданға бас жоспарды түзету мен толық жоспарлаудың жобасын жасау үшін шамамен 500-700 миллион теңге көлемінде қаржы бөліп отырмыз. Осыған орай бас жоспарларды пысықтау жөніндегі ауыр жұмыстарды биыл аяқтаймыз деп ойлаймын. Келер жылы егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен айналысамыз. Одан соң республикалық бюджеттен қаржы алу үшін өтініш беріп, жетіспегенін жергілікті бюджеттен бөлдіреміз. Соның арқасында 2-3 жылдың көлемінде саяжайлар елді мекен статусын алады. Бұл мәселе осы уаққа дейін мүлде шешілмегенін ескерсек, межеленген мерзімге шыдауға болады, – деді облыс әкімі.

Аудан тұрғындары нақтылау мақсатындағы сауалдарды көп қойған кездесуде «Шұбар», «Мереке», 14-ші саяжай сияқты саяжайлық бірлестіктердің тұрғындары белсенділік танытты. Бұған дейін белгісіз болып келген мәселенің түйіні шешілетінін ұғынған саяжайлық тұрғындар жақын арада өркениеттің қарапайым қажеттіліктеріне қол жететініне сенім білдірді.

 Облыстың басқа да өңірлеріндегідей жер мәселесі Еңбекшіқазақ ауданы үшін аса өзекті болып тұр. Атап айтқанда, жекелеген тұрғындар қолындағы малын бағатын жайылымдық жерлердің жетіспеушілігінен зардап шегіп отыр.

Мысалы, Төле би және Алмалы ауылдарының тұрғындары бұған дейін мың басқа дейін мал өсірсе, қазір ірі қараның саны 100-150-ге дейін азайған. «Енді біраздан соң үйде мал ұстай алмайтын шығармыз. Өйткені, мал шығаратын жер жоқ», – деді Төле би ауылының тұрғыны.

Өз тапсырмасымен құрылған тұрғындардың ауылшаруашылық және жер қатынастары жөніндегі мәселелерін қарастыру жөніндегі комиссия кесте бойынша осы ауданға тамыз айында келуді жоспарлап отырғанын жеткізген облыс әкімі сол сапарда жергілікті тұрғындарды мазалаған 3 жаңа карьердің мәселесі де қаралатынын атап өтті. Оған дейін олардың ашылуы тоқтатылады.

Жалпы, 2017 жылы аудан бойынша 120 мың гектар жердің пайдаланылмай жатқаны анықталды. Оның ішінде 4,5 мың гектар егістік болса, 11 мың гектары жайылым есебінде. Солардың бәрі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Еңбекшіқазақ ауданында орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі аса өзекті болып отыр. Оның ішіне ауызсудың жетіспеушілігі, сапасы және суқұбырлар жүйесінің ескіргендігі де кіреді.

Бүгінгі күні аудандағы 79 елді мекеннің 71-і орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Бұл 89,9%-дық көрсеткішке тең. Ал, суқұбырларының жалпы ұзындығы 960 км-ден асады. Биыл Еңбекшіқазақ топтық су таратқышыныңекінші жіберу кешенініңқұны 3,9 млрд. теңге болатын бірінші кезеңдік құрылысы аяқталды. Қазір Нұра, Қызылжар, Бәйдібек би ауылдарының сумен қамтамасыз ету жүйелерін қалпына келтіру және жаңадан салу жобаларын жүзеге арналған конкурстық жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан және Ащыбұлақ ауылдарының суқұбырлық жүйелерін жөндеуге арналған ЖСҚ дайын тұр. Тағы 12 ауылдың ауызсу жүйелерін қалпына келтіруге арналған ЖСҚ дайындалып жатыр. Олардың ішінде Шелек, Рахат, Аймен, Қарасай, Көктөбе, Қайназар, Бөлек, Өрікті, Жаңашар, Түрген, Тескенсу, Байсейіт ауылдары және Есік қаласы бар.

Жергілікті тұрғындарды газдандыру жұмыстарының сылбыр жүруі мазалайды екен. Газдандыру жұмыстары 2014 жылы басталғанына қарамастан аудандағы 79 елді мекеннің 56-сына көгілдір отын жетпеген. Яғни, бүгінгі күнге дейін тіркелген 25 мың абоненттің тек 6 мыңы ғана газға қосылған.

Жоспар бойынша 2022-2023 жылдары Саймасай және Қайнар ауылдарына жобалық құны 2,5 млрд. теңге болатын газдандыру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Оны «ҚазТрансАймақ» АҚ қаржыландырады. Қазір 89 км-лік газ жүйесінің 42 км. ғана салынған. Одан бөлек, Талдыбұлақ, Сатай, Қаракемер ауылдарын газдандыруға арналған ЖСҚ дайындалып жатыр. Осы жобалар толығымен жүзеге асқанда 1180 абонент пен 30 әлеуметтік және коммуналдық нысан көгілдір отынға қол жеткізеді.

 Халқы көп аудандағы сұрақтардың басым бөлігі үш ауысымды мектептерге арналды. Түйіні біртіндеп шешілетін мәселені жыл соңына дейін толығымен шешу мүмкін емес. Бүгінгі күні облыста салынып жатқан 31 білім саласы нысанының 7-еуі үш ауысымды мектеп. Осы нысандардың 22-сі биыл пайдалануға беріледі. Оның ішіндегі үшеуі Төле би, Ташкенсаз ауылдарында және Есік қаласында мектептер. Барлығы 2250 орындықоқу орындарының құны 2,8 млрд. теңге. Дәл қазір ауданда 54 үш ауысымды және 143 бейімді мектеп бар.

Аудан тұрғындарын экологиялық мәселелер де толғандырады. Атап айтқанда, өңірдің тұма табиғаты мен жергілікті халықтың денсаулығына зиянын тигізетін қиыршық тас карьерлердің кедергісі көп.

Карьерлерге қатысты мәселе қатаң бақылауда екендігін айтқан Қанат Бозымбаев оны заң аясында шешу үшін уақыт қажеттігін алға тартты.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Д.Серіковтің айтуынша, Еңбекшіқазақ ауданындағы 11 карьердің бесеуімен арадағы келісім-шарт бұзылса, қалған алтауының жұмысы уақытша тоқтатылған. Олардың қаншасы жұмыс істейтіні немесе арадағы келісім-шарт түбегейлі бұзылатыны қажетті тексерулерден кейін ғана белгілі болады.

Кездесуде ауданда электр қуатының жиі өшетіндігі де мәселе ретінде көтерілді. Осыған орай аудан әкімі мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларының басшыларына тапсырма берілді.

Тұрғындар жолдарды жөндеудің қажеттігі, тротуарлар мен көшелерді жарықтандырудың жоқтығы, қоғамдық көлік жұмысының бұзылуы, маршруттар мен автобустардың жетіспеушілігі, тегін үйірмелерді ұйымдастырудың керектігі сынды мәселелерді көтерді.

Ауданды дамытудың негізгі жоспарын таныстырған облыс әкімі Қанат Бозымбаев тұрғындардың сауалдарына толық жауап беріп, көтерілген мәселелерді қысқа уақыттың ішінде шешуді жауапты құрылымдарға тапсырды. Жергілікті жұртшылық айтқан мәселелер қаттамаға кіргізіліп, кезең-кезеңімен қаралады.

Жұмыс сапары аясында Қанат Бозымбаев ауданның ауылшаруашылық және өндірістік қуатымен танысу мақсатында «Адал» АҚ-на, уақытша тоқтап тұрған Есік жемісконсервілеу зауытына, «Агро Балтабай» ЖШС-на және қоршау жасайтын «Юнифрукт продакшн» ЖШС-на барып, өндіріс орындарының жұмысын көрді.

Алматы облысындағы саяжайларға елдімекен статусы берілуі мүмкін

Алматы облысының экономикалық дамуына Еңбекшіқазақ ауданының қосар үлесі басым екенін жоққа шығаруға болмайды. Аудандағы егістік алқаптарының көлемі 85 мың гектардан асады. Мысалы, былтыр ауданда 90,7 мың тонна картоп, 307 мың тонна көкөніс, 168 мың тонна жүгері жиналған. Одан бөлек, жылына 20 мың тонна өнім беретін 96 жылыжай жұмыс істейді. Аймақтың тағы бір басым бағыты бау-бақша алдыңғы орында тұр. 9,8 мың гектарды алып жатқан жеміс ағаштарының бағынан былтыр 60 мың тонна өнім алыныпты. Оның ішінде алма – 55 мың тонна. Бұл облыс бойынша алдыңғы орынды көрсетеді. Аудандағы өндіріс саласы да алға жылжуда. Өндірістік өнім бойынша аудан облыста 4%-дық көрсеткішпен 6-шы орын алады. Аудандағы 136 өндірістік кәсіпорынның 87-сі өңдеу өндірісін алға оздырған. Шағын және орта кәсіпкерлік, инвестиция салу және туризм салаларындағы жетістік аз емес.

Алматы облысындағы саяжайларға елдімекен статусы берілуі мүмкін

Мұндай көрсеткіші бар аудан билігінің облыстағы халқы көп өңір тұрғындарының көптеген әлеуметтік мәселелерін біртіндеп шешуге қажетті мүмкіндігі бар. Ондай мәселелердің ең басында саяжай алқаптарының мәселесі тұр. Біз өз тарапымыздан қажетті қолдауды көрсетеміз, – деп Еңбекшіқазақ ауданы тұрғындарымен кездесуді түйіндеген Қанат Бозымбаев бұдан соң азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Кездесудің тікелей эфирлік жазбасын «Инстаграм» парақшасынан мынадай сілтеме арқылы көруге болатынын естеріңізге саламыз:https://www.instagram.com/tv/CeD2DEwo_Ee/?igshid=YmMyMTA2M2Y

Өзгелердің жаңалығы