16 мамырдан бастап банктер жеңілдетілген автонесие беруді бастайды

13 Мамыр 2022, 12:23
1752
Бөлісу:
16 мамырдан бастап банктер жеңілдетілген автонесие беруді бастайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Келер дүйсенбіден бастап банктер жеңілдетілген автонесиеге өтініш қабылдай бастайды.

Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты.

Ол көлік жасаушылардың халықаралық форум кулуарында банктер корпоративтік рәсімдерді жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Өнеркәсіпті дамыту қоры олармен қажет келісімдерді жасады. Олар өз рәсімдерін өткізіп, дүйсенбіден бастап несие бере бастайды, - деді Скляр.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары екінші деңгейдегі бес банк несиелендірумен айналысатынын айтты.

Атап айтқанда, несие беру бағдарламасы қазіргі кезде де жұмыс істеп тұр. Револьверлік негізде 88 млрд теңге бар және бұл қаражат айналымда. Бұл бағдарлама бойынша соңғы бес жыл бойы тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда «ӨКМ Операторынан» аударылатын 100 млрд теңгені қосамыз, - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Бұған дейін қаңтар айында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр 71 мың қазақстандық жеңілдетілген автонесиемен көлік сатып ала алатынын айтқан еді.

«Жасыл даму» АҚ есепшотындағы 200 млрд теңгеден астам бос қалдық халықтың игілігі үшін жұмсалуы тиіс. Біз мұны қалай жүзеге асырмақпыз? 100 млрд теңге отандық көліктерді сатып алу үшін жеңілдетілген автонесиеге беріледі. Шарты мынадай: жылдық мөлшерлемесі 4 пайыз және бастапқы жарна 0 пайыз. Бастапқы жарнасы 20 пайыз, жылдық мөлшерлемесі 4 пайызбен 7 жылға берілетін қазіргі қолданыстағы бағдарламадан айырмашылығы осында. Сегменті қымбат емес көліктер екені түсінікті. Осылайша, біздің 71 мың азаматымыз қолжетімді бағаға және қолжетімді кредиттік ресурстарға жаңа көлік сатып ала алады, - деді Роман Скляр «Хабар-24» телеарнасындағы «Сұхбат» бағдарламасы барысында.

Өзгелердің жаңалығы