Індетті жою жолында ақ халаттылар демалыссыз қызмет етуде

14 Сәуір 2020, 18:56
2183
Бөлісу:
Індетті жою жолында ақ халаттылар демалыссыз қызмет етуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ШЖҚ "Ғалым Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасы" КМК  жұқпалы аурулар бөлімінде қызмет ететін дәрігер-инфекционист Қымбат Қазкенова медицина қызметкерлерінің әр күні қауіпке толы екенін айтады. Себебі, өзі короновирус жұқтырған, короновирусқа күдікті науқастармен үнемі  байланыста.  

244224.jpg

Біздің короновируспен күресіміз қаңтар айынан жалғасып келеді. Бұл індет әлем елдеріне тарала бастағанда біз де солармен бірге аурудың алдын алу жұмыстарын жүргіздік. Наурыз айының ортасынан бастап, төтенше жағдай режиміне көштік. 26 наурыздан бері стационарда карантиндеміз. Бүгін 20-шы тәулік, - дейді дәрігер. 

Қымбат Темірбекқызы індетті жою жолында ақ халаттылар бүгінде демалыссыз қызмет етіп жатқанын тілге тиек етті.

Отбасымыздан алшақта, 24/7 режимінде жұмыс істеп жатырмыз. Күнделікті жұмысымыз  қауіп-қатерге толы.  Біз кез келген уақытта стационардағы науқастардың орнында өзіміз жатуымыз мүмкін. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, медицина қызметкерлеріне беріліп жатқан үстемеақы төлемдері дәрігер үшін үлкен қолдау. Бізді ақшаның астында қалып жатыр деп ойлайтындар бар. Айтарым, бұл сома әлі толық төленген жоқ. Себебі, тағайындалған сома әркімнің атқарған жұмыс сағатына бөлініп төленеді екен,  сәуір айында толық аламыз деп ойлаймын,-дейді ол.

Қымбат Қазкенова халықтан интернет желісінде дәрігерлерге қатысты жағымсыз пікір қалдырмауларын сұрайды.

Қазіргі таңда, қай дәрігерге, медбике, жалпы медперсоналға болсын, оңай емес. Қазақстандықтардан бір өтінерім,  интернет желісінде дәрігерлер тарапына негатив пікір жазуын қойса екен. Ел басына түскен қиын кезеңді бірігіп қана еңсере аламыз,-дейді ол. 

414114.jpg

Дәл осы ауруханада коронавирус инфекциясымен талмай күресіп жүргендердің бірі – Райхан Сәбитова. Ол мұнда медбикелер мен кіші медициналық қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыру мен қадағалау және бақылауға жауап беретін аға медбике қызметін атқарады.

Короновирус жұқтырған науқастар жататын бөлімде қажетті дәрі-дәрмектер, маскалар, қорғаныш киімдерінің сапасы мен санына жауаптымын. Мынадай қиын-қыстау кезеңде медицина қызметкерлеріне, оның ішінде біз сияқты медперсоналдарға беріліп жатқан үстемеақы жақсы көмек. Бәріміз де  отбасымызға аман-есен оралуды армандаймыз. Біз қазір майданның алғы шебінде жүрген сарбаздар сияқтымыз. Мойнымызда  елдің саулығы тұр,-дейді Райхан Қанапияқызы.
Өзгелердің жаңалығы