Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі күні елордада індетпен күреске 6 аурухана тартылған, олардағы төсек-орын сыйымдылығы 403-ке жетеді, жүктеме - 12%. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов елорда бойынша қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты өткен онлайн брифинг барысында осылай деді.
Қазіргі таңда қалада 14 081 КВИ жағдайы тіркеліп отыр. Оның ішінде 13 643 сауығып кеткендер, өкінішке қарай, 314 адам (2,2%) қайтыс болды. Әлі де ауруханаларда ем-дом шараларын 66 адам қабылдап жатыр. Пневмониямен ауыратындардың саны 1333-тен 36-ке дейін түсіп, осылайша, 37 есеге азайды. Бүгінгі күні індетпен күресуге 6 аурухана тартылып отыр, олардағы төсек-орын сыйымдылығы 403-ке жетеді, жүктеме - 12%. Ауру жұқтырғандардың саны төмендеуін ескере отырып, ағымдағы жылдың 28 шілдесінен бастап төсек-орын сыйымдылығы 3 312-ге жеткен 9 денсаулық сақтау мекемесі біртіндеп жабылды, - деді ол.
Басқарма басшысы COVID-19-ға күдікті науқастарға медициналық көмек көрсету үшін пациенттерді күрделілік дәрежелері бойынша бөлу үшін 4 деңгейлі алгоритм құрылғанын жеткізді.
Қазір қалада коронавирустық инфекцияға арналған биоматериалдарды талдауға арналған 13 зертхана бар. Зертханалардың жалпы қуаттылығы тәулігіне 7 мың сынаққа дейін жетеді. Бүгінде 398 мың зерттеу жүргізілді, оған қоса 100 мыңға жуық реагент бар. Жалпы қуаттылығы тәулігіне 1 440 сынаққа жететін 9 изотермиялық зертханалық кешен сатып алу жоспарлануда, - деді ол.
Коронавирустық инфекция қайталанған жағдайда Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстарын жүргізуде.
COVID-19 инфекциясының күзгі-қысқы кезеңінде алдын алу және емдеу бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Симптомсыз және COVID-19 жеңіл түрде өтетін және олармен қарым-қатынаста болған адамдардың денсаулығын қашықтықтан басқаруды емханалардың фармакологиялық бөлімшелерінің мамандары жалғастырады.Еске сала кетейік, Нұр-Сұлтан бойынша жалпы 594 бала вирус жұқтырған. Елордада 40-65 жастағылар арасында вирус жұқтырғандар өсімі байқалатыны туралы осыған дейін хабарлағанбыз. Сондай-ақ елордада тіркелмеген дәрілік препарат сатқан 102 субъект анықталды. Онлайн брифинг барысында Білім басқармасы басшысының орынбасары Бағлан Сматаева 3011 кезекші сыныпта 40 400 бала білім алып жатқанын да айтты.
Симптомсыз және COVID-19 ауруы жеңіл түрде өтетін, сондай-ақ ондай науқастармен қарым-қатынаста болғандарда ПЦР, басқа да талдаулар жүргізу үшін 207 мобильді бригадалар ұйымдастырылады. Олардың жұмысы 5 мың тұрғынға 1 бригадаға дейін болмақшы. Жедел респираторлық аурулармен ауыратын науқастарды қабылдауға арналған фильтр бөлмелер сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде науқастарға медициналық көмек көрсету алгоритмі әзірленді және ол ЖРВИ, КВИ науқастарды кезең-кезеңмен бағыттауды қамтиды. Жасалған алгоритм салалық ресурстарды ұтымды пайдалану және бірінші толқын кезінде туындаған келеңсіз жағдайларды болдырмауға мүмкіндік береді деген ойдамыз, - деді ол.