Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Техас штатындағы шағын Бока-Чика ауылының тұрғындары америкалық миллиардер, Tesla және SpaceX компаниясының басшысы Илон Маскті олардың ауылын жойды деп айыптады. Бұл туралы Daily Mail хабарлады.
2014 жылы кәсіпкер Бока-Чика ауылы ауданында ғарыш айлағын салу үшін жер учаскесін сатып алады. Жоспар бойынша нысан старттық алаңды, ұшуды басқару орталығын, сондай-ақ Маск Марсқа ұшыруды жоспарлап отырған Starship басқарылатын ғарыш кемелерін өндіруге арналған құрастыру кешенін қамтиды.
2015 жылы миллиардер құрылысты кеңейту үшін 35 үйі бар ауылда жылжымайтын мүлікті сатып ала бастады. SpaceX-тің мәлімдеуінше, олар жергілікті тұрғындарға жылжымайтын мүліктің нарықтық құнынан үш есе асатын соманы ұсынған. Алайда ақпаратты үй иелері жоққа шығарады.
Бока-Чикада тұруды жалғастырып жатқан 12 адамның айтуынша, компания олардың үйлері үшін нарықтық бағадан әлдеқайда төмен бағаны ұсынып қана қоймай, мәмілеге мәжбүрлеу мақсатында оларға қысым жасаған. Олар сондай-ақ, SpaceX адам үшін ғарыш кемелерін ұшырудың қауіптң екеніне сендіріп, Бока-Чиканы ғарыш айлағы қызметкерлерінің тұратын жеріне айналдырғанын айтты. Жергілікті тұрғындардың бірі Масктің әрекетін 1948-1990 жылдары Оңтүстік Африкада жүргізілген нәсілдік сегрегация саясатымен салыстырды.
2019 жылдың қараша айында SpaceX starship MK1 кеме прототипінің алғашқы сынақтары Бока-Чика полигонында сәтсіз аяқталды. Метан мен оттегіге арналған резервуарларды криогенді сұйықтықпен толтыру кезінде штаттан тыс жағдай пайда болды. 2020 жылдың ақпан айының соңында ғарыш кемесінің прототипі сұйық азотпен үрлеу кезінде жарылып кетті. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, зымырандардың ұшырылуына байланысты қатты діріл пайда болады, нәтижесінде терезелер атылады.