SpaceX компаниясының иесі, америкалық миллиардер Илон Маск биылға жоспарланған Марсқа ұшу миссиясын кейінге шегеріп, бұған дейін NASA алдында алған міндеттемесіне сәйкес Айға бағытталған миссияға назар аударғысы келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Wall Street Journal (WSJ) басылымы жағдайдан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап мәлімдегендей, Маск биыл Ай миссиясын басым бағыт ретінде қарастырып отыр.
Мәліметке сәйкес, SpaceX компаниясы инвесторларына 2027 жылдың наурыз айында Айға қону жоспары бар екенін жеткізген. Осыған байланысты компания жасанды интеллект негізінде ғарыштық деректерді өңдеу орталықтарын құру үшін xAI-ды сатып алу арқылы жұмысты жалғастырмақ.
Сол хабарламада Маск инвесторларға тұрақты Ай базасын құруды қолдауға ниетті екенін де егжей-тегжейлі түсіндірген.
Бірнеше жыл бұрын NASA SpaceX-пен Starship ғарыш кемесін әзірлеу жөнінде келісімшарт жасасқан. Бұл кеме агенттіктің аппаратымен Ай орбитасында түйісіп, астронавтарды алып, америкалық экипажды Ай бетіне жеткізуі тиіс.
Бұған дейінгі мәлімдемелерінде Маск SpaceX тікелей Марсқа бет алады деп айтқан болатын. Сондай-ақ компания 2026 жылдың соңында Марсқа бес Starship ұшыруды жоспарлағанын мәлімдеген болатын.