Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов 6 жылда ел экономикасы қандай нәтижеге қол жеткізгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Таяу күндері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел тізгінін қолына алғанына алты жыл толады. Осы уақыт ішінде Қазақстан коронавирус пандемиясынан бастап жаһандық геосаяси шиеленістерге дейінгі көптеген сын-қатерге қарамастан, экономикалық дамуда елеулі нәтижелерге жетті.
2024 жылдың соңында ЖІӨ 288 миллиард долларды құрады. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 14 мың доллардан асты. Қазақстан табысы жоғары елдер тобына едәуір жақындады.
Мемлекет басшысы мұнайдан тыс салаларды дамытуға басымдық бере отырып, экономиканы әртараптандыруды кезек күттірмейтін маңызды міндет ретінде айқындады.
Аталған жұмыстың нақты нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз – шикізаттық емес салалар экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналуда. 2019-2024 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 31,4%-ға, құрылыста 96,3%-ға өсті. Жалпы өнеркәсіп құрылымында өңдеуші кәсіпорындар өз үлесі бойынша өндіруші сектормен теңесті.
Тек 2024 жылдың өзінде өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,3 триллион теңге болатын 180 инвестициялық жоба іске асырылды. Нәтижесінде, аталған секторда соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішке – шамамен 6% өсімге қол жеткізілді. Алты жыл ішінде машина жасау секторындағы өндіріс үш есе өссе, өнеркәсіптік өндірістің жылдық орташа өсімі 20,3%-ды құрады. Нақты сандарда, 2018 жылы 30 мың бірлікті құраған жеңіл автомобильдердің саны 134 мың бірлікке дейін жетті. Сол сияқты жүк автомобильдері бойынша да алты еседен астам – 7,1 мың бірлікке дейін, автобустар бойынша жеті есеге, яғни 2,9 мың бірлікке дейін, арнайы техника шығару шамамен үш есеге, яғни 711 бірлікке дейін өсім тіркелді,- дейді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, Президент тапсырмасы бойынша мұнай-газ химиясын қарқынды дамыту қолға алынды.
Еліміз шикізатты экспорттаудан оны терең өңдеуге біртіндеп бет бұруда. Полимерлер, композиттік материалдар, химиялық реагенттер өндіріліп жатыр. Мұның барлығы – әртүрлі салаларда сұранысқа ие қосылған құны жоғары өнімдер. Ірі жобалардың бірі – Атырау облысында іске қосылған KPI зауыты бүгінде полипропилен өндірісін жолға қойды. Зауыт өзінің қуаттылығы жағынан Орталық Азиядағы осындай өндіріс орындарының ішіндегі ең ірі кәсіпорын саналады.
Астықтың былтырғы рекордтық өнімі ауыл еңбеккерлерін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін көрсетеді. Алты жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 2,5 триллион теңге бөлінді, бұл ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 1,8 есеге, яғни 8,3 триллион теңгеге дейін өсуіне ықпал етті. Ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда еңбек өнімділігі бес жыл ішінде екі есе өсіп, 4,2 миллион теңгеге жетті. Ал, азық-түлік өндірісінің көлемі 2,1 есе ұлғайды, - дейді Ол.
Ол Отандық тауар өндірушілерді қолдау – Мемлекет басшысы басымдық берген негізгі бағыттың бірі екенін атап өтті.
Мемлекеттік сатып алуда машина жасау, металлургия, құрылыс, жеңіл және химия өнеркәсібі, сондай-ақ азық-түлік тауарлары бойынша тек қана қазақстандық өндірушілерден сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі едәуір кеңейтілді. Осы орайда ұлттық даму институттары Қазақстан экономикасына салынатын инвестиция көлемін ұлғайта түсуде. Тек 2025 жылдың өзінде «Бәйтерек» холдингі арқылы 8 триллион теңге инвестиция салынады, ал 2027 жылға қарай Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл сома 10 триллион теңгеге дейін ұлғайтылады.
Серпінді дамуға қажетті маңызды шарттардың бірі – шетелдік инвестициялар Қазақстан экономикасына тұрақты тартылуда. Мұны шетелдік кәсіпкерлер тарапынан көрсетіліп отырған еліміздің экономикалық әлеуетіне деген үлкен сенім мен жоғары рейтингтер растап отыр. Атап айтқанда, 2024 жылы Қазақстан Moody's агенттігінің «Тұрақты» болжамымен өз тарихындағы ең жоғары Baa1 рейтингіне ие болды. Халықаралық S&P, Fitch рейтинг агенттіктері де Қазақстанның несиелік рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде растады. Соңғы алты жыл ішінде экономикаға 130 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Шетелдік серіктестер өңдеу өнеркәсібі саласына көбірек инвестиция сала бастағанын атап өту маңызды. Оның көлемі 72,7 миллиард долларға жетті. БҰҰ Қазақстанды теңізге шыға алмайтын елдер арасында ірі ТШИ көлемін алушы ретінде екінші орынға шығарды, - деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының белсенді дипломатиялық күш-жігерінің арқасында өзге елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастық дамып келе жатқанын тілге тиек етті.
Нәтижесінде, соңғы алты жылда сыртқы сауда айналымы бір жарым есеге, 94,8 миллиард доллардан 141,4 миллиард долларға дейін өссе, экспорт көлемі 61,1 миллиард доллардан 81,6 миллиард долларға жетті. Экспорт құрылымында өңделген тауарлар үлесінің артуы атқарылған жұмыстың елеулі нәтижесі болды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың шетел нарықтарына экспорты 28,8 миллиард долларға жетті. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен шамамен екі есе жоғары. Машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен құрылғылар экспортының үлесі 1,1%-дан 5,8%-ға дейін артты. Экспорт құрылымындағы шикізаттың үлесі де барған сайын азайып, 2018 жылғы 74,5%-дан 2024 жылы 63,5%-ға дейін төмендеді, -дейді ол.