Алматы, BAQ.KZ. Іле-Алатау ұлттық паркінде орналасқан Аюсай тау шатқалына Алматы қаласының экологиялық қоғамдастық өкілдері мен ғалымдар алманың түп тамыры саналатын Сиверс алмасының 100 көшетін отырғызды.
Іле-Алатау паркінің түрлі шатқалдарына көшеттерді отырғызу акциясы Ұлттық саябақтарды қолдау жөніндегі қоғамдық қор басшысы Сергей Спицынның бастамасымен ұйымдастырылды. Акцияға экологиялық қоғам өкілдері қатысты, олардың арасында "Табиғат" Қазақстан қауымдастықтары мен кәсіпорындары экологиялық одағының жетекшісі Мэлс Елеусізов, "Қазэкология" республикалық ғылыми-өндірістік және ақпараттық орталығының басшысы Амангелді Сқақов, сондай-ақ табиғатқа бей-жай қарамайтын Қазақстан азаматтары болды.
Сиверс алмасы бірнеше мың жыл бойы Іле Алатауы, Қазақстанның оңтүстігі мен шығысындағы тауларда өседі, ол Қызыл кітапқа енген. Экологтардың пікірінше, ол сирек кездесетін алма түрі.
Біздің адамдардың көбі үшін ұлттық паркке бару – бұл кәуап және ішімдікпен саяхат жасау. Мұндай демалыстан кейін үймелеген қоқыс пен кесілген ағаштар қалады, мұндай көрініске барлығымыз бірнеше рет куә болдық. Ұлттық паркке барудың шетелдік тәжірибесі басқа – бұл ең алдымен, жануарлар мен өсімдіктердің өмірі туралы ақпарат алу, бақылау және пайымдау, сондай-ақ жауапкершілігі бар экологиялық туризм, - дейді Мэлс Елеусізов.Сонымен қатар, акция аясында Іле-Алатау ұлттық паркіне келушілермен ағарту жұмыстарын жақын арада жаңаша ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Жақында Аюсай шатқалында қазіргі заманғы экологиялық визит-орталық пайда болады, онда келушілерді Ұлттық паркте қандай өсімдіктер өсіп, қандай жануарлар мекендейтіні туралы хабардар ету жұмыстары басталады. Балалар үшін қызықты сабақтар мен ересек келушілер үшін экскурсиялар ұйымдастырылады. Біздің акциямыздың идеясы – ұлттық парк визит-орталығының жанында жақын арада осы шатқалға дәстүрлі түрде келетін Сиверс алма бағының бой көтеруіне септігімізді тигізу, мұндай жағдайда келушілердің саябақтың флорасымен танысып, демалуына, ал оқушылардың экологиялық тәлім-тәрбие бойынша сабақ алуына мүмкіндігі болады, – дейді акцияны ұйымдастырушы Сергей Спицын.
Акция Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің қолдауымен өтті.