iKOMEK карантин ережелерін бұзушыларды анықтайды

20 Маусым 2020, 19:00
1465
Бөлісу:
iKOMEK карантин ережелерін бұзушыларды анықтайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның бірқатар өңірлерінде эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуіне және коронавирустық инфекциямен ауырғандар санының артуына байланысты ведомствоаралық комиссия биылғы 20-21 маусым – демалыс күндері қосымша шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады.
 

Осылайша, Нұр-Сұлтан қаласында демалыс күндері барлық СОО, сауда үйлерінің, желілік дүкендердің, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың, дүкендердің жұмысы тоқтатылды. Жақын маңдағы азық-түлік дүкеніне, жұмысқа баруды, медициналық қызмет алуға баруды қоспағанда, азаматтардың үйден шығуына шектеу қойылған.

Полиция қызметкерлері қызметін күшейтілген тәртіпте атқаруда, көшелерді аралау үздіксіз жүруде. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Бас санитарлық дәрігердің талаптарының сақталуына мониторинг жүргізуге, сонымен қатар, қалалық iKOMEK мониторинг және жедел әрекет ету орталығы да қатысады.

iKOMEK-ке интеграцияланған қалалық бейнебақылау камераларының көмегімен карантин талаптарын бұзушы тұлғаларды анықтау мақсатында аула аумақтарына, саябақтарға, скверлер мен басқа да қоғамдық орындарға мониторинг жасалуда. Мұнан соң деректер елорда тұрғындары мен қонақтарына түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін жедел түрде Полиция департаментіне жолданып отырады.

Енгізіліп отырған шектеу шаралары эпидемиологиялық ахуалды жақсартып, коронавирустық инфекцияның таралуын бәсеңдетуге бағытталғанын айтып өткен жөн.

Барлық елорда тұрғыны мен қонақтарын әлеуметтік жауапкершілік танытып, аса қажеттілігі болмаса үйден шықпауға және санитарлық нормаларды сақтауға шақырамыз.

Өзгелердің жаңалығы