Қазақстанның соңғы жаңалықтары

ІІМ жүргізушілерге ескерту жасады

Бүгiн, 21:21
304
Бөлісу:
 Polisia.kz
Фото: Polisia.kz

Астана – Щучинск және Астана – Теміртау бағыттарындағы тасжолдарда орнатылған электрондық ақпараттық таблоларда көрсетілетін жылдамдық шектеулері жол қозғалысы ережелеріне сәйкес заңды күшке ие. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді уақытша шектеулерді қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астана – Щучинск және Астана – Теміртау тасжолдарындағы жылдамдық шектеулерін сақтамағаны үшін келетін әкімшілік айыппұлдарға қатысты азаматтардан көптеген өтініш түсіп жатыр.

Осыған орай, ІІМ тағы да еске салады: қала сыртындағы жолдарда орнатылған ақпараттық таблолар заңнама талаптарына сай толыққанды электрондық жол белгілеріне жатады. Атап айтқанда, оларда 3.24 "Ең жоғары жылдамдықты шектеу" белгісі көрсетіледі. Бұл таблолар ауа райы жағдайына – тұман, көктайғақ, қатты жаңбыр кезінде, сондай-ақ жол жөндеу жұмыстары немесе жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда нақты уақыт режимінде өзекті жылдамдық шектеулерін көрсетеді. Сондықтан таблода көрсетілген талаптарды міндетті түрде сақтау қажет.

Трассадағы негізгі ақпарат көзі – таблода көрсетілген жол белгілері екенін ескере отырып, оларды мұқият қадағалауды сұраймыз. Уақытша жылдамдық шектеулері барлық жол жүрісіне қатысушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енгізіледі. Заң бұзушылықтар тәулік бойы және кез келген ауа райында жұмыс істейтін автоматты камералармен тіркеледі. Уақытша жылдамдық шектеулерін енгізудің басты мақсаты – азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау. ІІМ барлық жүргізушіні жолда жол жүру қағидаларына жауапкершілікпен қарауға, ауа райы жағдайын ескеруге, жол белгілерін қадағалап, жол жағдайындағы өзгерістерге дер кезінде әрекет етуге шақырады. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз, – деді ҚР ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор Ақтоты Боранова.

Өзгелердің жаңалығы