Қазақстанның соңғы жаңалықтары

ІІМ: Жеті айда жол апатынан 200-ге жуық бала көз жұмды

27 Тамыз 2025, 16:09
619
Бөлісу:
 60.mchs.gov.ru
Фото: 60.mchs.gov.ru

Қазақстанда жеті ай ішінде 200-ге жуық бала жол апатынан көз жұмған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Айтуынша, әлем бойынша балалардың жолдағы қауіпсіздігі өзекті болып қала береді. Еуропа елдерінде Көлік қауіпсіздігі жөніндегі еуропалық кеңестің мәліметі бойынша жол апатындағы бала өлімі жылына 100 000 балаға шаққанда 2 жағдайдан келеді.

Балалар – жол жүрісіне қатысушылардың ең әлсіз санаты және олардың өмірінде біздің күнделікті қатысуымызды қажет етеді. Біз балаларға қауіптің не екенін бағалауды үйретіп, өмірлік қиын жағдайларда өзіне сенімді болып қалуын қамтамасыз етуіміз қажет. Балалардың қауіпсіздігі полиция органдарының да қатаң бақылауында және жаңа оқу жылының басталуына байланысты ерекше назар аударылады, - деп атап өтті ведомство өкілі.

Алайда халық арасында жүргізіліп жатқан үгіт-насихат жұмыстарына қарамастан, балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ескі мәселе – жол апаттары азаймай тұр.

Өкінішке қарай, жеті айда жол апаттарында 176 бала қаза болды. Бұл орны толмас шығын. Біздің қолымыздағы ең қымбат бағалы дүние – балалардың өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгенше аянбауымыз керек. Зардап шеккен балалардың жартысынан көбісі жолаушы ретінде қайтыс болған. Қалғандары – жаяу жүргіншілер, соның ішінде велосипедші, самокатшы немесе мопед жүргізгендер, - деп атап өтті комитет басшысы.

Белгілі болғандай, көп жағдайда қаза болған балалар ересектер тарапынан тасымалдау кезінде көлік ішінде автокресло, бустерлер, адаптерлер сынды балаға арналған қауіпсіздік құрылғыларын немесе қауіпсіздік белдіктерін қолданбайды.

Тағы бір маңызды жол жүрісіне қатысушысы – жаяу жүргінші-бала. Жолдағы қауіпсіздік жаяулар мен жүргізушілердің жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан қауіп екі тараптан да бар. Алайда жол апатында көбіне жаяу жүргінші-балалардың өздері кінәлі болып жатады. Ал ең өкініштісі жолды кез келген жерден немесе бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кету, - деді Қайсар Сұлтанбаев.

Еске салсақ, балаларға жол ережесін оқыту міндетті пән болуы мүмкін екені туралы жаздық.

Өзгелердің жаңалығы