Астана, BAQ.KZ. Соңғы жылдары қабылданған нақты шаралардың нәтижесінде лаңкестік әрекет туралы жалған ақпараттар тарату қылмысы айтарлықтай азайды, деп мәлімдеді ІІМ баспасөз қызметі.
«Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері бұл бағытта жеткілікті тәжірибе жинақтаған, сондай-ақ осындай қылмыстарды дер кезінде ашуға мүмкіндік беретін жаңа техникалық құралдармен жабдықталған. Мұндай қылмыстар негізінен бұзақылық немесе пайдакүнемдіктің салдарынан орын алады», - дейді ІІМ баспасөз қызметі.
Сондықтан жұртшылыққа ескертетін жай, жалған ақпарат таратқандарға заң бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Қауіп-қатерлер туралы жалған ақпарат қалыпты өмір ырғағын бұзып, төтенше жағдай қалыптастырады. Құқық қорғау органдары хабарламаны тексеру үшін арнайы күш-құралдарын жұмылдырады. Мұның бәрі оларды негізгі қызметтерінен алаңдатады. Сол себептен бұл қылмыстарға қатаң жаза қарастырылған», - делінген хабарламада.
Соңғы бес жылда телефон лаңкестігіне байланысты 258 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.