ІІМ заңсыз көші-қонды ұйымдастырумен айналысқан топты ұстады

30 Қараша 2022, 09:21
882
Бөлісу:
ІІМ заңсыз көші-қонды ұйымдастырумен айналысқан топты ұстады

ІІМ контрабанда және заңсыз көші-қонды ұйымдастырумен айналысқан топты ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті ҰҚК-нің 5 департаментімен бірлесіп, Өзбекстан Республикасымен шекаралас Түркістан облысының "Қазығұрт" кеден бекетінде өздерінің қылмыстық қызметін жүзеге асырған топқа қатысты ауқымды арнайы операция жүргізді.

Аталған адамдар кеден бекетіндегі сыбайлас жемқорлық байланыстарын пайдалана отырып, "брокерлік қызметтер" көрсету деген желеумен тауарларды жалған құжаттар бойынша заңсыз әкелуді жүйелі негізде жүзеге асырды. 

Тасымалданатын жүкке байланысты бір жүк көлігінің кедергісіз кіруі мен шығуы үшін 200 мың теңгеге дейін ақы алынған, бұл кейіннен тауар құнының өсуіне әсер еткен. Тәулігіне кеден бекеті арқылы 150-ге жуық автокөлік өткен. Сонымен қатар, қылмыскерлер көрші елдің азаматтарына мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуіне қылмыстық қолдау көрсеткен. 

Жедел қызметкерлер бүкіл қылмыстық схеманы анықтап, құжаттады. Бір мезгілде тінту жүргізіліп, ірі көлемдегі ақша, атыс және суық қарудың түрлері, "қара кассаның" есепке алу жазбалары, шетел азаматтарының паспорттары, арнайы техникалық құралдар тәркіленді. 

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, кінәлі адамдарға қатысты бұлтартпау шарасын тағайындау мәселесі қарастырылып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы