ІІМ: Үш айда 3 мыңнан астам адам алғаш рет құжат алды

15 Ақпан 2021, 21:39
1558
Бөлісу:
ІІМ: Үш айда 3 мыңнан астам адам алғаш рет құжат алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі істер министрлігі құқықтық мәртебесін айқындау және құжаттандыру мақсатында құжаттары жоқ адамдарды анықтау жөніндегі республикалық акцияны жалғастыруда. Акция өткен жылдың қазан айында басталды және оның аясында 3 мыңнан астам адам жеке басын куәландыратын құжат алды.

Олардың көпшілігі Алматы қаласында (300), Алматы (372), Қарағанды (353), Ақмола (279), Жамбыл (276) және Түркістан (284) облыстарында анықталды. Елордада 189 адамға құжат берілді.

Акцияны биылғы қаңтар айында аяқтау жоспарланған болатын, алайда құжатсыз тұлғалар санын қысқартудың маңыздылығын ескере отырып, жұмысты мамырға дейін ұзарту туралы шешім қабылданды.

Министр Ерлан Тұрғымбаев Көші-қон қызметі комитетіне азаматтарды құжаттандыруға бағытталған жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Азаматтығы жоқ адамдарды анықтау әлемдік проблема болып табылады, мұны тексеруге және анықтауға көп уақыт кетеді. Осыған қарамастан, өткен жылы іске қосылған акция мыңдаған адамға құжаттарын алуға көмектесті және алдағы айларда еліміздің тағы бірнеше мың тұрғыны құжаттарын рәсімдей алады, – деді министр Ерлан Тұрғымбаев кеңес барысында.

Ведомство басшысы аталған акцияның әйелдер үшін маңызы зор екенін атап өтті. Жас қыздардан күйеулері немесе бірге тұратын адамдары құжаттарын тартып алатын жағдайлар да кездесіп жатады. Сонымен қатар, әйелдерді жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлейді немесе олар еңбек құлдығына түседі.

Егер әйелдер осындай жағдайға тап болса, ол аумақтық көші-қон қызметі бөлімшесіне жүгіне алады немесе “102” мобильді қосымшасы арқылы хабарлама жібере алады. Полиция қызметкерлері құжаттарды заңды түрде тегін рәсімдеуге көмектеседі, – деді елдің бас полицейі.

Министр азаматтығы жоқ адамдарды анықтауға және құжаттау рәсіміне үкіметтік емес және волонтерлік ұйымдар үлкен көмек көрсететінін атап өтті. ІІМ құқық қорғаушыларға және барлық бей-жай қарамайтын азаматтарға азаматтығы жоқ адамдардың проблемаларын шешуге көмектескені үшін алғыс білдіреді.

Маңызды ақпарат: Азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтары сияқты құқықтар мен міндеттерді атқарады. Олар жұмысқа орналаса алады, емханалардан қызмет ала алады, білім ала алады. Бұдан әрі азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алады.

Өзгелердің жаңалығы