Қазақстанның соңғы жаңалықтары

ІІМ қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты пікір білдірді

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
26 Қараша 2025, 17:37
791
Бөлісу:
 instagram.com/densaulyq_basqarmasy
Фото: instagram.com/densaulyq_basqarmasy

Астанада жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қаза болуына байланысты қылмыстық іс Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ІІМ вице-министрі Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға 8 қарашада болған. Астанада тұрғын үйдің қасбетіндегі сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып, сол сәтте жанынан өтіп бара жатқан фельдшердің үстіне кондиционер құлаған. Зардап шеккен Ұлданаға шұғыл түрде бас сүйегіне трепанация жасалды. Алайда дәрігерлердің ұзақ уақыт күрескеніне қарамастан, ол 18 қарашада көз жұмды.

Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі осы оқиғаны мысалға келтіре отырып, еліміздегі сапасыз құрылыс мәселесі жүйелі сипат алып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, құрылысқа қатысушы тараптардың жауапкершілігі анық бөлінбеген, бақылау механизмі көбіне формалды тексеріспен шектеледі, ал салдары үшін көбіне орындаушылар жауап береді.

Қолданыстағы құқықтық механизм азаматтарды толық қорғауға және барлық кінәлілерді жауапкершілікке тартуға жеткілікті ме? – деп сұрады депутат.

Санжар Әділов тергеу қазір толық әрі жан-жақты жүргізіліп жатқанын айтты.

Бұл қылмыстық іс ерекше бақылауда. Бүгін кешенді сот-құрылыс сараптамасы тағайындалды. ГАСК, УЗО және жұмысты қабылдауға негіз болған барлық құжаттар қылмыстық іске тіркелді. Сараптама нәтижесін күтіп отырмыз, – деді ол.

ІІМ өкілі қазіргі Қылмыстық кодекс нұсқасында бірінші басшыларды да жауапқа тартуға мүмкіндік беретін қосымша квалификациялық белгілер қарастырылғанын атап өтті.

Тергеудің толықтығы мен жан-жақтылығы қамтамасыз етіледі. Сіз көтерген барлық аспектілер де қосымша ескеріледі, – деді Әділов.

Өзгелердің жаңалығы