ІІМ өңірлерде қылмыстық топтардың заңсыз әрекетінің жолын кесу бойынша жұмыстарды жалғастырып келеді. Қарағанды облысында биыл ауыр қылмыс жасауға қатысы бар алты қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Бопсалаудың 40-тан астам фактісі анықталып, жолы кесілді. 15 қазанда Шахтинск қаласында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жастар тобын ұстады. Оның құрамына аралас жекпе-жек жаттықтырушысы кірген. Олар жергілікті тұрғындарды, сондай-ақ “Qarmet” АҚ қызметкерлерін бопсалаған. Бұған дейін Теміртау, Саран, Абай қалаларында ауыр қылмыстарға, сонымен қатар “Qarmet” АҚ объектілерінен тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлауға және кәсіпорын қызметкерлерін бопсалауға қатысы бар басқа да қылмыстық топтардың қатысушылары ұсталған болатын.
Осы фактілер бойынша ішкі істер органдарына барлығы 100-ден астам күдікті жеткізілді, олардың 39-ы қамауға алынды. 150-ге жуық тінту шаралары жүргізілді. Қару-жарақ пен оқ-дәрілер, сондай-ақ басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді. Ауыр қылмыстардың 16 эпизоды бойынша үш қылмыстық іс сотқа жіберілді. Криминалдық топтардың жолын кесу нәтижесінде өңірде 30-дан астам атыс және травматикалық қару, оқ-дәрілер тәркіленді. Өңірлерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті өкілі Қуандық Алпыс.