ІІМ митингте ұсталған азаматтарға қатысты мәлімдеме жасады

23 Қыркүйек 2019, 19:11
2118
Бөлісу:
ІІМ митингте ұсталған азаматтарға қатысты мәлімдеме жасады
VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 21 қыркүйекте заңсыз митингтерге қатысқаны үшін ұсталған азаматтарға қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады. 

«Прокуратураның бірнеше рет ескертулеріне қарамастан, жекелеген адамдар арандатушылыққа ілесіп, басқа азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, құқыққа қарсы әрекеттер жасай бастады», - деді ІІМ басшысы үкімет отырысынан кейін.

Кез келген бейбіт жиналыстар, акциялар, шерулер мен демонстрациялар өткізу тәртібін бұзғаны және сақтамағаны үшін жауапкершілік қарастырылғаны белгілі.

«Қоғамдық тәртіпті бұзған, көлік қозғалысына кедергі келтірген, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің талабына бағынбай қарсылық көрсетіп митингке қатысқандар полиция бөлімшелеріне жеткізілді», - делінген хабарламада.

Министр Ерлан Тұрғымбаев атап өткендей, барлық іс-шаралар заңға сәйкес өткізілді, тәртіп бұзушыларды ұстау барынша дұрыс жүргізілді, арнайы құралдар қолданылған жоқ.


Жүкті әйелдерді, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды ұстау фактілері болмады.

«Жалпы ел бойынша 21 қыркүйекте 15 тәртіп бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 9-ы әкімшілік қамауға алынды. Оның ішінде Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Павлодар және Түркістан облыстарында осындай шаралар жүргізілді», - деді ведомствода.

Басқа қатысушылар профилактикалық әңгімелесуден кейін босатылды. ІІМ басшысы сондай-ақ полицияның басты міндеті –азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылатынын атап өтті. Біздің азаматтарымыздың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін кез келген үндеулер мен құқыққа қарсы әрекеттер заңға сәйкес жолы кесіледі. Полиция қоғамдық қауіпсіздікті бұзуға жол бермейді.

Әлеуметтік желілерде кәмелетке толмаған қыздың ұсталғаны туралы тараған бейнежазбаға қатысты

«Ол қыз 2000 жылы туған, жасы 19-да. Бұл қыздың қоғамдық тәртіпті бұзуға бірнеше рет қатысқаны анықталды. Заңсыз акция кезінде полиция қызметкерлерінің санкцияланбаған митингке қатысуды тоқтату туралы бірнеше рет ескертуіне қарамастан, ол құқық қорғау органдарының қызметкерлерін агрессияға итермелеген. Осыған байланысты ол басқа құқық бұзушылармен бірге ұсталды. Алайда, профилактикалық әңгімелесуден кейін босатылды», - делінген хабарламада.

Журналистер туралы

«Өкінішке қарай, журналистердің қатысуымен болған оқиға да тіркелді. Қоғамдық тәртіпті бұзып, санкцияланбаған митингке қатысушылардың қатарында болған «Азаттық» радиосының тілшісі Сәния Тойкен ұсталды. Ол тәртіп бұзушылар арасында баспасөздің тану белгілерінсіз жүрді. Автобусқа орналастырғаннан кейін ол баспасөз жазуы бар өз кеудешесін киіп, журналистік куәлігін көрсетті, бұдан соң журналист босатылды, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылған жоқ», - делінген хабарламада.

ІІМ БАҚ өкілдеріне мұндай жағдайларда полиция қызметкерлеріне өзінің қызметтік куәлігін көрсетуін, сондай-ақ баспасөздің тану белгілерін кию қажеттігін ескертеді.


Өзгелердің жаңалығы