Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апталық брифингінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бір апта ішінде 2734 қылмыс жасалды, оның 1673-і тәулік ішінде ашылды, - деп атап өтті елдегі криминогендік жағдайға тоқталған ведомство өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Айтуынша, тәртіп сақшылары «ізін суытпай» бірнеше қылмысты ашқан.
Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 14 кісі өлтіруді, 5 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 1 қарақшылық, 37 тонау және 362 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты, - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі.
Сонымен қатар ол өткен аптада ведомство басшысының маңызды кездесу өткізгеніне тоқталды.
Қазақстанның ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саидикрам Ниязходжаевпен кездесті. Кездесуде қылмысқа қарсы күрес саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Өзекті бағыттар бойынша бірлескен өзара іс-қимылды дамытудың одан әрі перспективаларын белгіледі, - деді Шұғыла Тұрлыбек.
Сондай-ақ министр полиция бөлімшелерін аралағаны белгілі болды.
Елордада ІІМ басшысы мен қала әкімі Астана полиция бөлімшелеріне барды. Марат Ахметжанов пен Жеңіс Қасымбек елордада құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді және оның тұрғындарының қауіпсіздігін тексерді. Патрульдік полиция полкіне, автокөлік шаруашылығына, арнайы мекемелерге, сондай-ақ арнайы ХҚКО-ға барған министр мен әкім Мемлекет басшысының құқық бұзушылықтардың алдын алуда халықпен тығыз ынтымақтастыққа бағытталған полиция жұмысының сервистік моделін енгізу жөніндегі тапсырмаларының орындалуымен танысты, - деді ІІМ өкілі.