Ішкі істер министрлігі Германия аумағында қаза тапқан Қазақстан азаматына қатысты қылмыстық істің тергеу барысына түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовтің айтуынша, халықаралық деңгейдегі өзара іс-қимыл мәселелері Бас прокуратура құзыретіне қарайды. Себебі шетелдік құқық қорғау органдарымен тікелей ынтымақтастық жүргізуге өкілетті орган – дәл осы мекеме.
Ол Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 110-бабы – "Азаптау" бабы бойынша іс қозғалғанын растады.
Бұл іс бізге жәбірленушінің туыстарының өтініштері негізінде тіркелді. Оқиғалар ерлі-зайыптылардың Қазақстан аумағында болған кезімен байланысты. Яғни Германияда адам өлтіру дерегі бойынша тергеу жүргізілсе, біздің елде дене жарақатын салу және азаптау фактілері бойынша іс қаралуда. Ақпарат кейінірек белгілі болды, дегенмен біз бұл фактіні тергеп жатырмыз, – деді Санжар Әділов Сенатта өткен баспасөз мәслихатында.
Мәлім болғандай, күдіктінің процесстік мәртебесіне қатысты қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Істе бірнеше сараптама тағайындалған.
Біз жәбірленуші тараппен және олардың қорғаушыларымен тұрақты байланыстамыз. Ал Германия тарапымен өзара әрекетке қатысты түсініктеме беру біздің құзыретімізге кірмейді, себебі бұл мәселе толығымен Бас прокуратураның қарауында, – деп толықтырды ІІМ орынбасары Санжар Әділов.