2025 жылы полиция іздеуде жүрген 1,6 мыңнан астам қылмыскерді ұстады. Сондай-ақ хабар-ошарсыз кеткен 20 мыңнан астам азаматтың жүрген жері анықталып, олар отбасыларына қайтарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Жәбірленушілердің құқықтары қамтамасыз етіліп, оларға келтірілген залал бойынша шамамен 60 млрд теңге өтелді. 17 миллионнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Осылайша ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкін заң бұзушылықтар ерте кезеңде тоқтатылды. 9 мыңнан астам бала мен жасөспірім тәлімгерлік, спорт және профилактика бағдарламаларымен қамтылды.
Бұл шаралар кәмелетке толмағандарды құқыққа қарсы әрекеттерге тарту қаупін төмендетудің негізгі құралы ретінде қарастырылады. 23 мыңнан астам жүргізуші мас күйде көлік басқарғаны үшін ұсталып, жолдағы жүздеген трагедиялардың алдын алу мүмкін болды.
Ұйымдасқан және трансұлттық қылмыспен күресу жұмысы айтарлықтай күшейтілді. Ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру және басқару фактілері бойынша 78 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде 10 іс трансұлттық сипатта. Қылмыстық қауымдастықтардың 299 көшбасшысы мен қатысушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Заңсыз айналымнан 2,5 мыңнан астам қару тәркіленді.
Қабылданған шаралар қылмыстық топтарды қаржыландыру және жабдықтау арналарының жойылуына, сондай-ақ олардың экономика мен қоғамдық қауіпсіздікке ықпалын тоқтатуға мүмкіндік берді. Есірткі қылмыстарына қарсы қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде 31,7 тонна есірткі тәркіленді, бұл 12 миллионнан астам бір реттік дозаға тең. 109 есірткі зертханасы жойылды, оның ішінде 13-і синтетикалық есірткі өндірісі бойынша. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді.