Қазақстандық құқық қорғау органдары бокстан әлем чемпионы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайы Екатерина Бивол ісі бойынша Ресей тарапының өкілдерімен байланыс орнатқандары белгілі болды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Сенаттың кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, Екатерина Биволға халықаралық іздеу жарияланған және оны қамауға алу туралы сырттай шешім қабылданған.
Тергеу жалғасып жатыр. Халықаралық іздеу жарияланды, сырттай қамауға алу туралы шешім шықты. Біз Ресей Федерациясының полиция қызметкерлерімен арнайы арналар арқылы байланыстамыз. Егер Биволдың бұрынғы жұбайы ұсталған жағдайда, Бас прокуратура арқылы ақпарат алып, экстрадиция мәселесін шешеміз, – деді вице-министр.
Вице-министрдің сөзінше, Қазақстан мен Ресейдің құзырлы органдары арасындағы өзара іс-қимыл халықаралық келісімдер мен арнайы арналар арқылы жүзеге асып отыр.
Бұған дейін бокстан әлем чемпионы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайына қатысты іздеу жарияланғаны айтылды.