1974 жылы құрылған оқу орталығы жарты ғасыр бойы ҚР Ішкі істер органдары үшін жоғары білікті кадрлар даярлайтын маңызды білім беру мекемесіне айналды. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі оқу орнының өткені мен бүгініне шолу жасады.
Б.Момышұлы атындағы оқу орталығы өз тарихында құқық қорғау саласының қызметкерлерін оқыту мен даярлауға инновациялық тәсілдерді енгізетін заманауи білім беру платформасы ретінде танылды.
Орталықтың тарихына қысқаша тоқтала кетсек, КСРО ІІМ-нің 1974 жылғы 9 тамыздағы №0613 бұйрығына сәйкес, ІІМ Шымкент орта арнаулы басшы кадрлар даярлау мектебі құрылды. КСРО-ның бес одақтас республикаларына мамандар дайындады. Қазақ КСР ІІМ-нің 1991 жылғы 5 тамыздағы бұйрығына сәйкес, Шымкент орта арнаулы басшы кадрлар дайындайтын милиция мектебі болып қайта құрылып, әкімшілік-құқықтық және еңбекпен түзету мамандықтары бойынша орта білікті заң мамандары дайындалды.
Үкіметтің 1996 жылғы 18-қыркүйектегі №1136-51 “С” Қаулысымен ІІМ Шымкент заң колледжі болып қайта құрылды. ҚР Үкіметінің 2000 жылғы 4 тамыздағы №438 Қаулысына сәйкес Шымкент заң колледжіне Кеңес Одағының батыры Б.Момышұлының есімі берілді. ІІМ Шымкент заң колледжі Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің органдары мен бөлімшелері үшін “Құқық қорғау қызметі” мамандығы бойынша 7500-ге жуық мамандар дайындады.
2011 жылдың 26 шілдесінде оқу мекемесінің жүйесін жетілдіру мақсатында, ішкі істер органдарының кадрларын Қазақстан Республикасының Үкіметінің №855 Қаулысымен заң колледжі базасында ҚР ІІМ Оқу орталығы құрылды.
50 жыл – бұл айтулы дата, бұл біздің тарихымыз, дәстүріміз және болашағымыз. Кезінде Орталық Азиядағы бес Одақтас Республикамен, Ресейдың бірқатар облыстарына КСРО ІІМ-нің басшы құрамын даярлаған Оқу ордасы болды. Бүгінгі таңда оқу орны елдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып, заң мен заңдылықты қорғайтын мыңдаған мамандарды шығарды. Біз таяу жылдары да Қазақстанның өркендеуі жолында өскелең ұрпаққа білім мен тәжірибе бере отырып, Отан алдындағы борышымызды орындауды жалғастыруға дайынбыз, – деді ҚР ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығының бастығы Ғалымжан Есболаев.
Қазіргі таңда оқу орталығының штаты 46 аттестатталған және 34 ерікті (барлығы-80) құрамнан тұрады, оның ішінде заң ғылымдарының кандидаттары – 3; ғылым магистрлары – 13.
ІІМ бекітілген жоспар-кестеге сәйкес жыл бойы біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстары, орта басшы құрам мен қатардағы және кіші басшы құрам лауазымдарына үміткерлер арнайы кәсіптік даярлық курсына оқуға қабылданады. Оқу орталығының жеке құрамы ІІМ-нің жедел қоры болады, алдына қойылған тапсырмаларды қажетті деңгейде атқарған және оны атқаруды жалғастырып жатыр. Сонымен қатар, оқу мекемесі ІІО-ның кадрларын даярлауда көп жылдық тәжірибесі және жақсы материалдық-техникалық базасы бар. Оқу орталықтың негізгі жүйесін оқу процесін ұйымдастыру, мониторингілеу және бақылау бөлімі, үш цикл, кадр саясаты бөлімі және қамтамасыз ету құрылымынан құрылған, - деді полиция полковнигі Асылбек Алиев.
Заман талабына сай техникалық және көрнекілік оқу құралдарымен жабдықталған пәндік-әдістемелік кабинеттерге, аудиторияларға, компьютерлік кластар мен дәріс залдарына, “Пәтер”, “Дүке”, “Ларек”, “Алғашқы медициналық көмек”, Сот мәжілісі залы”, “Қиылыс”, “Қылмыстық іс жүргізу” полигондары жабдықталып, толық жағдай жасалынған.
Оқу орталығының жалпы көлемі 4 гектар. Барлық ғимараттар өрт сөндіру құралдарымен қамтылған, кезекші бөліміне қосылған бейнебақылау орнатылған. Сабақтар 8 дәрісханада және 28 оқу аудиторияларында, сондай-ақ, 9 арнайы кабинеттерінде өткізіледі. 23 жылы боксы, жөндеу цехы, автожуу, жанар-жағармай материалдар қоймасы және 25 автокөлікке арналған жабық жазғы тұрағы бар автокөлік кешені бар, - деді полиция полковнигі Тұрдалы Қаратаев.
Оқу орталығының мұражайында Кеңес Одағының батыры Б. Момышұлының өмірбаяны бейнеленген. Сондай-ақ, генералдар Қ.Қалменов, Ж.Сұлтанов, Т.Кабденовтың кабинеттері ашылған, қызмет бабында ерлік жасап қаза болған оқу орталығының түлегі Т.Шералиевке арнайы кабинет ашылған, Е.Рақымбаевқа құрмет тақтасы мен халық қаһарманы Ғ.Байтасовтың және С.Сүгірбаев бұрышы орнатылған. Бұл өз кезегінде қызметке жаңадан қабылданған жас мамандарға тәрбиелік, отансүйгіштік және таңдаған мамандықтарын сүю сезімдерін қалыптастыруға ықпалын тигізеді дейді мамандар.
Мен 2018 жылдың қыркүйек пен қазан аралығында ҚР ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының алғашқы кәсіптік даярлық курсын бітіріп шықтым. Оқу барысында біліммен қатар тәрбие жұмыстары жоғары деңгейде жолға қойылған. Бірінші күннен Мемлекеттік Гимннен бастап "Бауыржан маршы", "Полиция қырандары" және т.б саптық өлендерін жаттап, күн тәртібімен жарғы талаптарын сақтай білуге үйретеді. Оқу орталығының қоғамдық өміріне белсене қатысумен қатар, Шымкент қаласының мәдени, өнер орындарымен облыстың тарихи, Түркістан, көне Отырар қалаларына рухани саяхат жасау ұйымдастырылды. Мемлекеттік, кәсіби, ұлттық мерекелер кезінде үнемі концерттік, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып қызықты кездесулер мен дөнгелек үстелдер өткізілді. Бұнын барлығы біздің біліммен бірге ұлттық құндылықтар мен руқани жетілуімізге септігі тиді. Әскери қалыптасуымызға, сауаттылықпен салауаттылыққа, тәрбие мен тәртіпке машықтаңғанымызға ризашылығымды білдіріп, оқу орталығының ұжымына алғыс айтамын, - Шымкент қаласының және Түркістан облысының МКҚБ ММ Кадр саясаты бөлімінің аға инспекторы полиция аға лейтенанты Жұбаныш Жалғасбай.
1980 жылы Мәскеудегі олимпиадада, 1988 жылы Армениядағы жер сілкінісі кезіндегі қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға оқу орнының офицерлері мен курсанттары тартылып, олардың қызметі жоғары бағаланған.
Жоғарғы Колледж болып құрылған оқу орнында курсанттар Ант қабылдайды және оларға қару бекітіліп, толыққанды полиция қызметкері болады. Ол өз кезегінде ІІО құралымдардың қатарында қызмет өткеріп, қоғамдық тәртіпті сақтауға көмек көрсете алатындығы анық. Осы арқылы төтенше жағдайлар кезінде қажетті ІІМ резервін жасақтауға болады. Оңтүстік өңірлерде полиция қызметіне деген қызығушылық пен сұраныстың жоғары екендігін ескеріп, оңтүстіктің түлектерін еліміздің Батыс, Шығыс және Солтүстік өңірлерінің кадры есебінен оқуға қабылдап, аяқтаған соң түлектерді аталған өңірлерге жолдау арқылы ешқандай қиындықсыз мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндіктер бар. Бұл өз кезегінде "Оңтүстіктен Солтүстікке" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырылуына да ықпалын тигізетіндігі сөзсіз. Материалдық тұрғыдан кадрларды дайындауда Үкімет тарапынан көп қаражатты талап етпейді, - деді ҚР ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығының бастығы Ғалымжан Есболаев.
Оқу орны азаматтардың полицияға деген оң көзқарасын қалыптастыра отырып өз балаларын полиция қатарына жіберуіне ықпал етпек. Білім ордасында түлеп ұшқан полицейлер бүгінде ел тыныштығын күзетіп, халық қалаулысына айналды. Жастардың полиция қызметіне қызығушылығын арттырып, қиялдарына қанат бітрген оқу орнының алар асуы әлі алда болмақ.