Жамбыл облысы, Талас ауданында екі кәмелетке толмаған баланы жүйелі түрде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ішкі істер министрі Ержан Саденов істі жеке бақылауына алды. Бұл туралы министрліктің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жәбірленуші балаларға қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде. Сонымен қатар жергілікті полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру басталды. Ішкі істер министрі бұл істі жеке бақылауына алды, – деп жазды ол өзінің Instagram парақшасында.
ІІМ балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі қатаң түрде тоқтатылып, кінәлілер заң аясында жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.
Бұған дейін Жамбыл облысының Талас ауданында құлдықта болған балалардың табылғанын хабарлағанбыз.