ІІМ басшысы спортшы полицейлерді марапаттады

30 Тамыз 2022, 09:20
1422
Бөлісу:
ІІМ басшысы спортшы полицейлерді марапаттады
PHOTO
Фото: Polisia.kz

Конституция күніне орай Ішкі істер министрлігінде арнайы мерекелік шара өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

 Салтанатты жиын барысында ведомство басшысы Марат Ахметжанов жиналған қауымды мемлекет үшін маңызы зор айтулы күнмен құттықтады. 

ІІМ басшысы спортшы полицейлерді марапаттады

Сіздерді еліміздің ең басты мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Негізгі заңымыз – тұрақтылық пен өркендеудің сенімді іргетасы, әрбір қазақстан азаматының құқығы мен еркіндігінің кепілі. Полиция қызметкерлеріне азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша жауапты міндет қойылған. Алдағы уақытта біздің қызметкерлер өз қызметтік міндеттерін абыроймен атқарады деп сенемін, – деді министр. 

Еліміздің бас полицейі қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін 20 қызметкерге арнайы шен, төсбелгі мен медальдар, құрмет грамотасы мен алғыс хаттар табыстады. 

ІІМ басшысы спортшы полицейлерді марапаттады

Сонымен қатар 22-31 шілде аралығында Голландия мемлекеті Роттердам қаласында полицейлер мен өрт сөндірушілердің дүниежүзілік ойындарында жоғары жүлделі орындарға ие болғаны және Қазақстан полициясының беделін нығайтуға қосқан үлесі үшін 10 спортшы марапатталды. 

ІІМ басшысы спортшы полицейлерді марапаттады

Құқық қорғау органдарында 2015 жылдан бері жұмыс атқарып келемін. Бастапқы қызметімді Қылмыстық-атқару жүйесінен бастағанмын. Қазір Шымкент қаласы Полиция департаменті Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ бөлімінде инспектор лауазымында жұмыс атқарамын. Қызмет пен спортты қатар алып жүрміз. 2021 жылы Киев қаласында жауынгерлік джиу-джитсудан чемпион атанған болатынмын. Осы жылы Голландия мемлекеті Роттердам қаласында өткен әлемдік ойындарда дзюдодан алтын жеңіп алдым, – деді Қымбат Ахмет. 

Ал оның әріптесі – Шымкент қаласы ПД ЖҚАЖ-ның аға инспекторы Дамир Ташанов бұл додада пауэрлифтинг ауыр атлетикасынан чемпион атанған. 

ІІМ басшысы спортшы полицейлерді марапаттады

Қазақстаннан 18 спортшы болды. Егер қателеспесем, 63 спорт түрінен 10 мыңдай қызметкер қатысты. Пауэрлифтинг троеборье дейді ғой: ішіне “жим” мен “тяга” кіреді. Сол сәл қиындау болды. Қарсыластар мықты болды. Бірақ дайындықтың арқасында жеңіп шықтым”, – деді Дамир Ташанов. 

Әлемдік дода 1985 жылдан бері өткізіледі. Жүздеген елдің спортшылары қатысқан жарыста ел құрамасы 30-шы орынды иеленген. Бұл – Ішкі істер органдары қызметкерлерінің еңбегінің нәтижесі. 

9 жасымнан бастап бокспен айналысамын. Қазіргі уақытта осы спортты жұмыспен қатар алып жүрмін. Роттердам қаласында әлемдік үлкен сайыс өтті. Соған барып, 86 келі салмақта өнер көрсеттім. Өзім екінші орын алдым. Туымызды көтеріп, Қазақстан полициясының атын шығарып, осындай мемлекетімізді әлемге танытып жатқанымызға өте қуаныштымын, – деді Нұр-Сұлтан қаласы ПД ЖҚАЖ взвод командирі Сәкен Құсайынов.

Сәкеннен бөлек аталмыш ойындарда қазақ елінің намысын қорғаған боксшы-полицейлер жетерлік. Олардың жеткен жетістіктері мақтануға тұрарлық. Айта кету керек, бұл қызметкерлердің сапында Рио Олимпиадасының қатысушысы, Азия чемпионы, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Берік Әбдірахманов та бар.

2014 жылдан бері Маңғыстау облысы полициясында арнайы жасақта жұмыс жасаймын. Бұл жарыс 2021 жылы өту керек болған, COVID-ке байланысты 2022 жылы өтті. Қазақстанның құрамасы бұл жарысқа тек 3-4-ші рет барып тұр. 3-4 адамнан ғана баратын болған. Биыл біздер 18 адам болып бардық, – деді боксшы. 

ІІМ басшысы спортшы полицейлерді марапаттады

Қызметі мен спорттық мансабын қатар алып жүрген сақшылар көпке үлгі. Өскелең ұрпақ айбынды, рухы биік осындай қыз-жігіттерден үлгі алады деп сенеміз. Бұл күні мерекелік кештің қонақтары Қостанай облысы Полиция департаменті ұйымдастырған концерттік бағдарламамен қатар арнайы көрмені тамашалай алды. Мұражай жәдігерлерімен танысып, тарих беттеріне үңілді.
 

Өзгелердің жаңалығы