ҚР ИИДМ және QazIndustry өкілдері Маңғыстау өңіріндегі өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметімен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығының мамандары IT-компания өкілдерімен бірлесіп, Маңғыстау облысындағы бірқатар өндіріс орындарының әлеуетін бағамдап қайтты.
Өнеркәсіп кәсіпорындарына цифрлы стратегияларды әзірлеу мақсатында ведомство өкілдері және IT-мамандар WESTECOPLAST ЖШС, «Шыны пластик құбырлар зауыты» ЖШС мен «Ақтау машина жасау зауыты» ЖШС-де болып, жұмыс процесімен танысты. Сапар барысында цифрлы жобалар бойынша ұсыныстарды жинақтау үшін кәсіпорындардың технологиялық жағдайына әрі оларды жаңғырту деңгейіне талдау жүргізілді.
Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП базасында облыстың Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары басшыларының қатысуымен топтық кеңес ұйымдастырылды. Бұл жиында Индустрия 4.0 мен цифрлы трансформацияны іске асырудың нәтижесінде күтіліп отырған өндірістік жетістіктер туралы түсіндірілді, - делінген ақпаратта.
Бұл орайда 2022 жылдан бастап еліміздегі өнеркәсіп кәсіпорындарының IT-шешімдерді әзірлеп, енгізуге жұмсалған шығындарының 40%-дан 50%-ға дейінгі сомасы өтелетінін айта кеткен орынды. Қаражат мөлшері 60 млн теңгеден аспауға тиіс.