Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ғимаратында өртке қарсы оқу-жаттығулары өтті.
Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі мәлімдеді.
Іс-шара барысында «Transport Tower» әкімшілік-техникалық кешен қызметкерлері мен келушілер сыртқа эвакуацияланып, төтенше жағдай кезіндегі тиісті қауіпсіздік шаралары жедел қолға алынды.
Оқу-жаттығудың мақсаты – Нұр-Сұлтан қаласының өртке қарсы қызметінің жеке құрамының, ҚР ИИДМ мен оған қарасты мекемелердің, министрлік қызметкерлерінің өрт сөндіру кезіндегі іс-әрекеттерін пысықтау.
Жаттығу барысында қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің өртке қарсы қызметі мен №14 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері арнайы жедел әрекет ету штабын құрып, өрт сөндіру аумағын айқындады. Өрт сөндіру құралдары мен өрт кезіндегі инженерлік жабдықтардың көмегімен мамандар дер кезінде әрекет етіп, нәтижесінде көпқабатты ғимараттағы тілсіз жауды ауыздықтады.
Оқу-жаттығу барысында әкімшілік-техникалық кешеннің диспетчерлік қызметі өрт сөндіру бөлімімен өзара жүйелі жұмыс істеп, бірлесе әрекет етті.
Жаттығу қорытындысы бойынша биік кешеннің өртке қарсы дайындық барысы жоғары деңгейде екендігі айқындалды. Сондай-ақ бірлесе атқарар жоспарлар нақтыланды.