Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов әуедегі қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің жұмысы туралы есепті тыңдады, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Кеңеске қатысушылар, әсіресе, қысқы кезеңде азаматтық авиация ұшақтарының ұшуын қамтамасыз етуге баса назар аударды. Сондай-ақ, отандық әуе компанияларын халықаралық авиациялық әкімшіліктердің нормаларына сәйкестік стандарттарына ауыстыруға бағытталған шаралар қарастырылды.
«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Бас директоры Питер Гриффитс Министрге әуедегі қауіпсіздікті дамыту мүмкіндіктері мен ҚР ИИДМ-мен өзара іс-қимыл шаралары жөнінде баяндады.
Кеңес қорытындысында ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетіне және басқа да құрылымдық бөлімшелерге тапсырмалар беріліп, оларды орындау мерзімдері айқындалды.
Айта кетейік, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 68-қадамын іске асыру аясында құрылды. Кәсіпорын ұшу қауіпсіздігі саласында техникалық авиациялық бақылауды және қадағалауды қамтамасыз ету шараларын іске асырады. Авиациялық әкімшіліктегі жұмысқа азаматтық авиация саласының жоғары білікті мамандары тартылған.