Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Ашық сағат алаңы» жобасы аясында Азаматтық авиация комитетінің өкілдері қазақстандық әуе компаниялардың жетекшілерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Басқосуға Air Astana, Fly Arystan, Scat, Qazaq Air, «Южное небо» және «Оңтүстік» сынды авиа тасымалдаушылардың басшылары қатысты.
Жиын барысында әуе билеттері бағасын белгілеу мәселесі негізгі әңгіме өзегіне айналды. Бүгінде жол жүру құжатының құны халық арасында ең жиі талқыланатын әрі үлкен маңызға ие мәселенің бірі.
Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиеваның сөзіне сенсек, биыл әуе тасымалдау саласында жолаушылар ағыны өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқандығы байқалады.
Жыл сайын жолаушылар ағыны көрсеткіші шамамен 10 пайызға өсіп келеді. Мәселен, отандық авиакомпаниялар 2022 жылдың алғашқы 8 айында ішкі және халықаралық бағыттар бойынша 6,9 млн адам тасымалдаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға жоғары. Ал пандемияға дейінгі, яғни 2019 жылғы көрсеткіштен 23 пайызға артық. 2021 жылы ішкі нарықтың өзінде 7,5 млн адам тасымалданды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда 64 пайызға көп, – деп атап өтті С. Томпиева.
Басқосу барысында қазақстандық авиакомпаниялар қолданыстағы әуе билеттерінің тарифтік бағамдары мен баға белгілеу механизмін таныстырды. Атап айтқанда, Air Astana билеттердің 73 пайызын төмен және орта тариф бойынша сатылымға шығарады. Әуе компания өкілдерінің айтуынша, жол жүру құжаттарының бағасы жыл басынан бері көтерілмеген.
Сонымен қатар жиын барысында халықаралық және ішкі бағыттар бойынша бір шақырымға белгіленген жоғары және төменгі шектегі тарифтерді белгілеу саясаты талқыланды. Белгілі болғандай, бұл тараптағы қазақстандық тасымалдаушылардың тариф құны шетелдік авиакомпаниялармен салыстырғанда едәуір төмен.
Мамандардың айтуынша, билет бағасы нақты бағыттар бойынша сұраныс пен ұсыныстан, маусымдық және тәуліктік сұраныстың ауытқуынан, билет сатып алу кезіндегі борттағы жүктеменің артуынан айқындалады және белгіленеді. Сондай-ақ оның құны аэронавигациялық және әуежайдағы түрлі қызметтерден, авиа жанармай мен амортизациялық шығындардан құралады.
Онлайн форматтағы басқосу барысында Азаматтық авиация комитеті өкілдері билет сататын сайттардағы қазақстандық авиакомпаниялардың халықаралық және ішкі бағыттардағы жол жүру құжатының бағасына салыстырмалы талдау жасады. Талдау барысында Астана – Алматы бағытындағы 30 қазандағы әуе билетінің құны 17 500 теңге мен 47 800 теңге аралығында екендігі белгілі болды.
Ал Air Astana компаниясының Астана – Стамбұл – Астана бағытындағы 2 және 9 қараша күндердегі билет бағасы 274 000 теңгені құрап отыр. Бұл сәйкес дата мен сәйкес бағыттағы өзге шетелдік әуе компаниясының билет бағасынан екі есе төмен.
Өз кезегінде Air Astana өкілдері билет бағасын төмендету бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралар жайында айтты. Атап айтқанда, олар ұшақтарды техникалық қызмет көрсету және бортсеріктер мен пилоттарды оқыту орталықтарын ашу көзделіп отырғанын жеткізді. Сонымен қатар биылғы жылдың соңына дейін авиакомпания паркі тағы үш жаңа ұшақпен толықпақ. Осы ретте айта кетерлігі, Air Astana тамыз айында Airbus типтегі 4 әуе кемесін алған болатын.
Бүгінде әуе билеттерінің бағасы арнайы реттелмейді, авиа тасымалдаушылар динамикалық баға белгілеуді қолданады. Былайша айтқанда, билеттердің құны нарықтағы сұранысқа қарай автоматты түрде реттеледі. Егер де ҚР Кәсіпкерлік Кодексінің талаптарына сәйкес бәсекелестікті қорғау бойынша ҚР заңнамасы бұзылған жағдайда монополияға қарсы ден қою шаралары қолданылатын болады.