ИИДМ басшысының орынбасары павлодарлық іскер азаматшалармен кездесті

14 Желтоқсан 2022, 09:46
767
Бөлісу:
ИИДМ басшысының орынбасары павлодарлық іскер азаматшалармен кездесті

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова Павлодар облысына жасаған іссапарында жергілікті кәсіпкер әйелдермен кездесіп, мемлекет тарапынан іскер жандарға ұсынылатын бағдарламалар туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Атамекен» ҰКП-ның Павлодардағы өңірлік филиалында өткізілген кездесуге облыстың кәсіпкер азаматшалары жиналып, көкейлерінде жүрген сауалды вице-министрге тікелей қоюға мүмкіндік алды. Оның дені жеке кәсіпті өркендетуге байланысты болды.  

Бұл ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары қазір мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге ұсынылатын түрлі бағдарламалар мен қолдаудың өзге де тетіктері қарастырылғанын жеткізді. Айталық, оның бірі QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы ұсынған отандық өндірушілерге арналған шығындардың бір бөлігін қайтару тетігі. Бұған қоса Д.Щеглова бас шаһардағы Astana Hub IT-стартаптарының технопаркінде кәсіпкерлер өз ісін тың технологиялардың көмегімен дамыта алатынын түсіндірді. Онда арнайы оқыту семинарларынан бөлек бизнес идеяны цифрлы шешімдер арқылы жаңғыртудың түрлі мүмкіндіктері қарастырылғаны айтылды.  

Сонымен қатар кездесуде тұрғын үйлерді цифрландырудың артықшылығы жөнінде кең көлемді мәлімет берілді. Айталық, тұрғын үй қорын цифрландыру баспана иелерінен бөлек  шағын бизнес өкілдеріне де септігін тигізеді. Мысалы, бұл арқылы кез келген кәсіпкер көп қабатты тұрғын үйде қанша адамның тұратынын анықтап, соған сай тұрғындардың сұранысын қанағаттандыруға күш салады.

Бұдан бөлек ведомство басшысының орынбасары Павлодар облысы тұрғындарын жеке қабылдап, сұрақтарына жауап берді.  

Өзгелердің жаңалығы