Қазақстанда көлік пен жылжымайтын мүлікті тіркеу, еңбек мигранттарына рұқсат беру, кадастрлық паспорттарды рәсімдеу қызметтері цифрландырылатын болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазіргі уақытта тағы үш қызметті жүзеге асыру процесі жүріп жатыр, олар жақын арада іске қосылады. Бұл қызметтер: көлікті тіркеу (автосалоннан шыққан жаңа көлікті алғашқы тіркеу), тұрғылықты жері бойынша тіркеу және жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, қалған төрт қызмет – жылжымайтын мүлікті тіркеу, шетелдіктерге ЖСН беру, еңбек мигранттарына рұқсат беру және кадастрлық паспорттарды рәсімдеу – жыл соңына дейін іске қосылады.
Ведомство өкілдері барлық 10 қызмет цифрландырылып, қағаз түріндегі қызмет көрсету алынып тасталғаннан кейін ХҚКО-дағы жүктеме 2 есе азаяды деп күтеді.