Ирандағы 22 жастағы қыздың өлімі бүгінде қоғамда резонанс тудырып, әлем назарын аудартып отыр. Мәселенің мән-жайын BAQ.KZ тілшісі ирантанушы Жәнібек Көпжасардан сұрап көрді.
- Қазір Ирандағы наразылық шеруі әлем назарын өзіне аудартып отыр. Жалпы оқиға неден басталды?
- Наразылық шеруі бүгінде көтеріліске ұласып кетті. Оқиға Күрт елінің азаматшасы Махса Амини атты құқық қорғаушы әйелдің хиджабты дұрыс кимеуіне байланысты әдеп полициясының алып кетуінен басталған еді. Кейін ол ауруханаға түсіп, қайтыс болды. Полицейлер оны жүрек талмасынан өлді деген. Бірақ хакерлер аурухананың сайтына кіріп оның басынан қатты соққы алғанынан қайтыс болғанын жариялап жіберді. Бұл әрине халық арасында үлкен наразылық тудыра бастады. Алғашқыда елдегі қыздар әлеуметтік желілерде флешмоб ұйымдастырып бастаған. Кейін ол үлкен шеруге ұласты.
- Шеруге шығушылардың негізгі талабы қандай?
- Негізгі талап – қылмысқа қатысы бар деген полицейлерді жазалау болатын. Бірақ полиция митингке шыққандарға көзден жас ағызатын газ баллондарын қолданып, қудалап, оқ атқаннан кейін, олардың талабы күшейе түсті. Қазіргі талап – режимнің өзгеруі, биліктің алмасуы болып отыр. Бұл оқиға көтерілістің тууына бір тамшы ғана болды десек болады. Халық қазір Ирандағы билікке өте наразы. Негізгі мәселе - әлеуметтік жағдай. Соңғы екі жылда халықтың тұрмысы нашарлаған, жұмыс орындары азайды, айлықтары, зейнетақы көтерілмеді. Бірақ, азық-түлік бағасы елде 200-300 пайызға дейін жоғарылап кетті. Халықтың 60 пайызы – ең төменгі жалақыны алады. Екіншіден, исламдық нормаға, шариғатқа сәйкес деген желеумен әйелдер құқығын таптау болып отыр. Үшіншіден, жемқорлық мәселесі.
- Бұл мәселелер қалай шешімін таппақ?
- Әрине, билік оңай беріле салмайды. Қазір көтеріліс тек стихиялы түрде көшеде өтіп жатыр. Көптеген адам көтерілісті революцияға ұласып кетуі мүмкін деп қауіптенеді. Менің ойымша, бұл көтеріліс көп ұзамай жаншылып, басылады. Бәлкім тағы 1-2 айда халық қайта көтерілуі мүмкін. Себебі, халық ұрып-соғуға, күш көрсетуге ызалы.
- Көтеріліске мектеп оқушылары да қосылды деседі...
- Иә, алаңға бірінші әйелдер шыққан болатын. Кейін оған басқа да азаматтар қосылды. Соңғы аптада студенттер, соңғы күндері мектеп оқушылары да бұл тізімге қосылды. Ирандағы мектептер толық жабылды. Жұмысшылар, дәрігерлер жұмысқа шығудан бас тартты. Оқушылар көшеге шығып орамалдарын шешіп, хиджабтарын өртеп, шаштарын кесіп наразылықтарын білдіріп жатыр. Бұған билік барынша қарсы іс-әрекеттер жасауда. Билік бастапқы күндері оқушыларға кәмелет жасқа толмағандары үшін ешқандай күш қолдана алмаған еді. Бірақ, соңғы күндері оқушыларды да соққыға жыққаннан кейін, халық қайта көтерілді. Иран президенті Эбрахим Раиси Құм қаласына барып, әйелдер діни университетіне барып, сөз сөйлегісі келген. Бірақ студенттер президентті «Бостандық» деген ұранмен залдан қуып шықты.
- Наразылық акциясы кезінде қайтыс болғандар туралы нақты дерек бар ма?
- Ресми түрде 143 адамның қайтыс болғаны айтылып отыр. Бірақ, қаза тапқандар саны анағұрлым көп. Бұл жабық ақпарат болып отыр.