13-23 қаңтар аралығында Италияның Турин қаласында жоғары оқу орындарының студенттері арасында ХХХІІ Дүниежүзілік қысқы универсиада ойындары өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл додаға әлемнің 57 елінен 2000-ға жуық спортшы қатысады. Спорттың 11 түрінен 96 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Еліміздің атынан сынға түсетін 103 спортшы 10 спорт түрінен яғни биатлон, шорт-трек, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, спорттық бағдарлау, фристайл, тау шаңғы спорты, ерлер мен әйелдер хоккейі және алғаш рет жарыс бағдарламасына енгізілген пара шаңғы боәйынша бақ сынайды.
Жарыстың ашылу салтанаты 13 қаңтар күні сағат 19:30-да Турин қаласындағы "Inalpi Arena"-да өтеді. Халықаралық университеттік спорт федерациясының кестесіне сәйкес жарыстар 11 қаңтар күні басталады.
Қысқы универсиадада Қазақстан құрамасының туын ұстап шығатын спортшылар да белгілі болды.
Аяулым Әмренова – фристайл бойынша ұлттық құраманың үздік спортшыларының бірі. Оның қоржынында 2017 жылғы Еуропа кубогы кезеңдерінің алтын, күміс және қола медальдары бар. Сондай-ақ ол Қазақстан атынан 2018 жылы Пхёнчханда және 2022 жылы Бейжіңде өткен екі Олимпиада ойындарына қатысқан.
Абылайхан Сүлейменов – қазақстандық хоккейдің жарқын жұлдызы, "Номад" командасының ойыншысы. Оның спорттық мансабында жастар лигасы, төрт ұлттық турнир, Қазақстан кубогы, Континенталь кубогы, сондай-ақ, АҚШ-та өткен ХХХІ Дүниежүзілік қысқы универсиада бар. Сол универсиадада Қазақстанның хоккей құрамасы үшінші орынды иеленген болатын.
Айта кетейік, Алғашқы қысқы Универсиада 1960 жылы Францияның Шамони қаласында өтті. Еліміз қысқы универсиада ойындарында ең үздік нәтижені 2017 жылы Алматыда өткен бәсекеде тіркеді. Жалпы 36 медальмен екінші орынға ие болған еді.
Ең ауқымды қысқы универсиада ойындары 2019 жылы Ресейдің Красноярск қаласында өтті. Оған 58 елден 3 000-нан астам спортшы қатысты. Кейбір спортшылар үшін қысқы Универсиада Олимпиадаға дайындық алаңы ретінде маңызды рөл атқарады. Көптеген Олимпиада чемпиондары алғашқы медальдарын Универсиадада жеңіп алған. Спортшыларымызға сәттілік тілейміз! Жеңісті күндеріміз көп болсын!