ХХ ғасырдың сынағы қазақ үшін өте ауыр болды – Дәурен Абаев

10 Желтоқсан 2021, 12:09
1322
Бөлісу:
ХХ ғасырдың сынағы қазақ үшін өте ауыр болды – Дәурен Абаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Көшбасшылық. Тұрақтылық. Өрлеу» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев айтты.

Бабаларымыз бөрілі байрақ астында біріккен тұста Байкалдан Балқанға дейінгі алып аумақты еркін жайлады. Арғы тегіміз сақ, ғұн тайпалары Еуразия төсінде қуатты мемлекет құрып, тұтас адамзат дамуына елеулі әсер етті. Халқымыз орта ғасырлық аса қуатты империя - Ұлық ұлыстың өзегін құрады. Кейіннен осы жасампаздық дәстүрін жалғастырып, Қазақ хандығының шаңырағын көтерді. Ат тұяғын тоздырып, атан белін үздіріп жүріп, ұрпағына бүгінгі ұлан байтақ жерімізді мұра етті. Ал татулықтың туы қисайғанда азаттық уыстан шығып кетті. Әсіресе, жиырмасыншы ғасырдың сынағы қазақ үшін өте ауыр болды, - деді Дәурен Абаев.

Оның пайымдауынша, қазақ халқы ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қиын сынақтан аман өткен. Жарты ғасырдың ішінде бірнеше алапат қасіретті, саяси қуғын-сүргінді, дүниежүзілік соғыстарды бастан кешіру жұртымызды есеңгіретіп тастағаны жасырын емес. 

Осындай зобалаңдар кезінде тіліміз бен салт-дәстүрімізге сүйеніп, ұлт ретінде сақталдық. Төл құндылықтарымызға табан тіреп, қайта еңсе тіктедік, егемендікке қол жеткіздік. Дегенмен бостандықтың сынағы бодандықтан көп болмаса, аз емес. Тәуелсіздікті енді алған тұста Алтайдан Каспиге дейінгі алып аумағымыз болғанымен, шекарамыз шегенделмеген еді. Жеріміздің асты-үсті байлыққа толы болғанымен, оны өзіміз игеріп жатқан жоқ едік. Мүмкіндіктеріміз мол болғанымен, қоғамдағы шешілмеген түйінді түйткілдер одан да көп болған. Сол себепті азаттықтың таңы атқанда ел тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев сияқты көреген саясаткердің ұстауы қазақтың бағы деуге болады, - деген пікір білдірді Дәурен Абаев конференцияда.


Өзгелердің жаңалығы