"Хеопстан көне". Жапониядан пирамида табылды

9 Сәуір 2025, 19:42
917
Бөлісу:
"Хеопстан көне". Жапониядан пирамида табылды
Фото: BAQ.KZ жасанды интеллект

Жапония жағалауында, мұхит түбінде орналасқан Йонагуни монументі - адамзат тарихындағы ең көне құрылыстардың бірі болуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Daily Mail-ге сілтеме жасап.

Йонагуни монументі - биіктігі шамамен 27 метр болатын сатылы құрылым. Ол Жапонияның оңтүстігіндегі Рюкю аралдарына жақын жерде, судың бетіне небәрі 25 метр тереңдікте орналасқан. Бұл ерекше нысанды алғаш рет 1986 жылы жергілікті сүңгуірлер байқаған. Бірақ соңғы кезде қайтадан ғалымдар назарын аударды. Себебі құрылымды құрайтын тас шамамен 12 мың жылдан астам бұрын пайда болғаны анықталды. Бұл - соңғы мұз дәуірі аяқталып, теңіз деңгейі көтерілмей тұрған уақыт.

Егер расымен де бұл құрылыс адам қолымен жасалса, онда оның жасы Мысыр пирамидалары мен Стоунхенджден де көне болады. Яғни бұл жаңалық тарихты қайта жазып, аграрлық кезеңге дейін-ақ дамыған өркениеттер болғанын дәлелдеуі мүмкін. Кейбір ғалымдар тіпті Йонагуни монументін Атлантида сияқты аңызға айналған өркениеттермен байланыстыруы мүмкін.

Алайда бұл мәселе бойынша ғалымдар арасында пікірталас көп. Геолог Роберт Шох Йонагуни - табиғи процестердің, яғни жер сілкіністері мен су эрозиясының нәтижесі деп санайды. Ал оның қарсыласы, Жапония университетінің профессоры Масааки Кимура бұл құрылым адам қолымен жасалған және ол кезде бұл аймақ құрлықта болған дейді.

Монументті зерттеген сүңгуірлер құрылымнан анық баспалдақтар, террасалар, доғалар, тіпті тастан қашалған бет-бейнелерді көргендерін айтады. Бірақ сыншылар бұл белгілерді табиғи эрозия мен теңіздегі организмдердің әсерінен пайда болған иллюзия деп түсіндіреді.

Йонагуни монументінің шығу тегі туралы нақты тұжырым жасау әзірге мүмкін емес. Бірақ бұл нысан адамзат тарихындағы ең үлкен жұмбақтардың бірі болып қала бермек.

Өзгелердің жаңалығы