Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов саяси партиялар филиалдарының басшыларымен кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ашық диалог барысында ақтөбеліктердің өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру мәселелері, партиялардың өңірдің қоғамдық-саяси өміріндегі рөлі мен орны, алдағы уақытта тұрған негізгі міндеттер жөнінде жан-жақты пікір алмасу болды.
Ералы Тоғжанов Ақтөбеде мерзімінен бұрын іске қосылған ірі жол жобалары, жақын арада облыстың 24 ауылдық округінде басталатын «Ауыл аманаты» жобасы туралы жиынға қатысушыларды хабардар етті.
Біз аймақты кешенді дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлеміз. Негізгі мақсаты экономикалық және әлеуметтік даму болып табылатын бағдарламалар жүзеге асырылуда. Басым бағыттардың қатарында кәсіпкерлікті дамыту, халықты жұмыспен қамту бар. Облыс өміріндегі ауқымды реформаларды жүзеге асыруда саяси партиялардың рөлі өте зор. Бізге сіздердің қолдауларыңыз қажет, – деді Ералы Тоғжанов.
«Ақжол» ҚДП АОФ төрағасы Асқар Садықов кәсіпкерлікті дамыту мен жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысына қатысты бірқатар мәселелерді көтерді.
Облыс басшылығының жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан түйткілдерге ерекше көңіл бөлуі қуантады. Сіздің іс-әрекеттеріңізде жай ғана уәде емес, нақтылық бар. Біз халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған барлық жобалар мен бастамаларды қолдауға дайынбыз. Өйткені, мұның бәрі халықтың игілігі үшін жасалып жатыр. Геосаяси жағдайды ескерсек, қазір ең бастысы – тұрақтылық, - деді ЖСДП АОФ-ның төрағасы Мирамбек Камалов.