Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалы Сандықтау ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Балкашин аудандық мәдениет үйінде өткен жиын ашық пікір алмасу форматында ұйымдастырылды. Басқосуда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және мемлекеттік әлеуметтік саясатты жетілдіру жолдары талқыланды.
Кездесуге ҚР Құрылтайы депутаттығына кандидаттар Жанғали Ілияс пен Ару Алшынбай, жергілікті қауымдастықтар мен атқарушы органдардың өкілдері, аудан тұрғындары, партия белсенділері және үгіт-насихат тобының мүшелері қатысты.
Егер кез келген бағдарлама халықтың нақты қажеттіліктеріне негізделмесе, оның тиімді болуы мүмкін емес. Біздің міндетіміз – тұрғындарды тыңдау, олардың мәселелерін түсіну және нақты шешімдерге қол жеткізу. Сондықтан мұндай кездесулер біз үшін ерекше маңызды, – деді кандидат.
Ол ЖСДП-ның «Прогресс жолындағы 20 белес» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.
Ару Алшынбай өз сөзінде партияның әлеуметтік саясат, білім беру, денсаулық сақтау және ауылдық аумақтарды қолдау салаларындағы ұстанымдарына тоқталды.
Қуатты мемлекет – қуатты өңірлерден басталады. Ауылдар мен аудандардың тұрғындары сапалы білімге, медициналық көмекке, жұмыс орындарына және заманауи инфрақұрылымға тең қол жеткізуі тиіс. Біздің бастамаларымыз дәл осы міндеттерді шешуге бағытталған, – деп атап өтті.
Ашық диалог кезінде Сандықтау ауданының тұрғындары әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту, елді мекендерді абаттандыру және жергілікті атқарушы органдар жұмысының нәтижелілігін арттыру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Жас мамандарды қолдау, ауыл мектептері мен медициналық мекемелерді сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін көтеру мәселелеріне айрықша назар аударылды.
Елдің болашағы кабинеттерде емес, халықпен ашық сөйлесу арқылы қалыптасады. Мемлекеттік саясаттың басымдықтарын азаматтардың пікірі айқындауы тиіс, – деп атап өтті Ілияс Әбілқазыұлы.