Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Президент жалған психологтар мен «коучтардың» көбейіп кеткенін сынға алған болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Зарема Шәукенова пікір білдірді.
Мемлекет басшысы IV Ұлттық құрылтай отырысындағы сөйлеген өз сөзінде: Қазір жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтар мен «коучтар» көбейіп кетті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Маған бұл туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Жауапты органдар бұл мәселені де назарға алуға тиіс, – деді. Психологиялық қауымдастық Мемлекет басшысының бұл маңызды мәселеге назар аударғанына терең ризашылығын білдіреді. Қазіргі таңда Қазақстанда практикалық психологияның өзектілігі артып, ол елдің әлеуметтік-экономикалық өмірінің маңызды құрамдас бөлігіне айналуда. Бұл үдеріс қоғамның әртүрлі құрылымдары мен жекелеген азаматтарының практикалық психологтардың көмегіне, психологиялық кеңес алуға және қолдау көрсетуге, сондай-ақ психологиялық білім саласындағы құзыреттілігі мен ақпараттандырылу деңгейін арттыруға деген қажеттілігінің өсуімен тікелей байланысты. Соның нәтижесінде психологиялық мәдениеттің қалыптасуы да қарқынды дамып келеді, - дейді Зарема Шәукенова.
Оның айтуынша, қазір «өз психологыңның болуы» жақсы әдетке айналып келе жатқан уақыт келді деп сеніммен айтуға болады. Біреулер психологқа өзінің рухани және физикалық ресурстарын арттыру үшін, өз әлеуетін барынша ашу үшін немесе психологиялық құзыреттілігін арттыру үшін жүгінеді. Басқалары, қиын өмірлік жағдайларға тап болғанда, өз-өздеріне тұйықталмай, психологқа жүгінуден ұялмайды.
Шынында да, қазіргі таңда нарық әртүрлі деңгейдегі психологтарға толы. Әсіресе, «инстаграм-психологтар» мен түрлі деңгейдегі коучтердің көпшілігі базалық жоғары білім алмай-ақ, белгілі бір курстардан өткеннен кейін өз тәжірибесін бастағаны байқалады. Қоғамда психологиялық қызметтерге деген жоғары сұраныс базалық психологиялық білімі жоқ кеңесшілердің кең ауқымына тартымды болып отыр – бұлар нейролингвистикалық бағдарламалау (НЛБ) мамандары, тұлғалық даму бойынша коучтер, өмір сапасын жақсарту бойынша сарапшылар, қысқа мерзімді курстардан өткен психотерапевттер, сондай-ақ әлеуметтік желілерде «психологиялық» кеңестер беріп, марафондарға шақыратын блогерлер мен онлайн кеңесшілердің үлкен армиясы. Психологиялық қызмет көрсету нарығының осындай әртүрлілігі арасында психологиялық мәселелерге тап болған және кәсіби кеңеске мұқтаж адамдар бұл қызметтің сапасының нақты критерийлерін анық түсіне бермейді. Сонымен қатар, «жалған психологтардың» қызметтері үшін кеткен қаржыдан айырылу – олардың біліксіз көмегінен келетін психологиялық шығынмен салыстырғанда түкке тұрғысыз, - дейді профессор Зарема Шәукенова.
Сондықтан халықты инфоцыгандар мен жетіспейтін білімі бар мамандардың қызметінен қорғау және қоғамда психологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін психологтың мәртебесін заңнамалық бекіту және психологиялық көмек көрсетуге жауапкершілік аймағын белгілеу қажет екенін айтты.
Психологиялық көмек көрсету құқығын беретін басты критерий – психологтың жоғары психологиялық білімі болуы. Бұл қағида ең алдымен заңнамалық деңгейде бекітілуі тиіс, - деді.