Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Халықаралық сарапшы: Зеленский мен Путин белгілі бір деңгейде ымыраға келуге дайын

20 Тамыз 2025, 15:22
1087
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллаж
Фото: BAQ.KZ коллаж

Алдағы уақытта Ресей президенті Владимир Путин мен Украина басшысы Владимир Зеленский кездесу өткізуі ықтимал. Жуырда Трамп пен Путин кездескені белгілі. Трамп-Путин келіссөздері мен Ресей және Украинаның мәмілеге келу ықтималдылығы туралы саясаттанушы, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Риззат Тасым BAQ.KZ тілшісіне айтып берді.

- Риззат мырза, алдында басылымымызға Трамп пен Путин арасындағы кездесуге қатысты ойыңызды білдірген едіңіз. Ал енді Трамп пен Зеленскийдің кездесуінен кейін қандай қорытынды жасауға болады?

- Иә, расында ол кезде мен бұл «келіссөздер жөніндегі келіссөздер» ғана болады деген едім. Бірақ бастысы Трамп өзінің «делдал-патша», яки «бітімгер» болу ұстанымынан тайған жоқ. Керісінше, Путинмен жүздесуден кейін қосымша серпін алды деуге болады.

Бірінен бірі туындап жатқан кездесулер сериясын дипломатиялық марафонның бастауы деп айтуға болады. Трамптың екі Владимир және Еуропа көшбасшыларымен кездесулерінің алғашқы нәтижелері қанағаттанарлықсыз болып көрінгенімен, келіссөздер процесін жандандыру фактісінің өзі қазірдің өзінде оң үрдіс болып саналады. Мұны Президент Қ. Тоқаев та атап өтті, ол тікелей диалогтың маңыздылығын және Қазақстан мен басқа бейтарап елдердің ымыраға келу үшін алаң немесе төрелік тарап рөлін атқаруға дайын екенін дәйекті түрде жеткізді.

Дегенмен, бүгінгі уағдаластықтардың артында биполярлық жүйе бұзылғаннан кейін ондаған жылдар бойы халықаралық саясаттың аясын қалыптастырған нақты, неғұрлым ауқымды мәселе тұрғанын ұмытпауымыз керек. Әңгіме НАТО-ның кеңеюі және жалпы еуропалық қауіпсіздік архитектурасы туралы болып отыр. Аталған мәселелер ешқайда жоғалып кеткен жоқ, керісінше, бүгінгі жүріп жатқан келіссөздердің өзегіне айналды.

- Сонда Трамп пен Зеленский кездесуінен кейін екі жақтың ұстанымдарында шын мәнінде жақындасу бар ма, әлде тек дипломатиялық ишара деңгейінде ғана ма?

- Келіссөз ұстанымдарына келсек, Мәскеу алғаш сәтте тек «делегация деңгейін көтеретінін» мәлімдеді. Жабық кездесулер кезіндегі территориялық алмасуларға қатысты алдын ала жасалған уағдаластықтар аясында Трамп өзінің жеке ықпал тетіктерін пайдалану арқылы Путинді тікелей келіссөздерге тартуға қабілетті. Демек, Кремль Путин мен Зеленскийдің ықтимал бетпе-бет кездесуіне кейбір талаптардан қайтудың ойластырылған стратегиясына дайындалып жатыр. Алайда Ресей үшін екі мәселе әрқашанда өзекті болып қала береді: бірі НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюіне жол бермеу кепілдігі, бірі Қырым мен оған іргелес аумақтардың мәртебесін мойындау.

Украина үшін басты мәселе - қауіпсіздік. Ол НАТО-ның 5-бабымен салыстыруға болатын, не одан икемдірек форматтағы берік әрі көп деңгейлі кепілдіктің қажеттілігі. Бастысы, мұндай кез келген формат 1994 жылғы «Варшава» кепілдіктерінің тағдырын қайталамауы тиіс, себебі Украинаның ядролық қарусыз мәртебесі оны нақты қорғаныс тетіктерімен қамтамасыз ете алмады.

- Екі жақтың да ымыраға келуі үшін кейбір бітімсіз талаптарынан бас тартуына тура келеді дейсіз ғой?

- Әрине, қақтығыс қатқан күйде қалсын демесеңіз. Тараптар толыққанды консенсусқа жете алмаса да, ең болмағанда белгілі бір деңгейде компромиске келуі керек. Мысалы, Украинадағы орыс тілінің мәртебесі немесе орыстілді азшылықтың жағдайы сияқты жекелеген мәселелер екінші орынға ығыстырылып, қауіпсіздік пен аумақтық тұтастықтың іргелі мәселелеріне жол берітіні анық. Жалпы алғанда, екі жақта да әрбір сұрақ бойынша ымыраға келу екі есе өтемақыны талап ететін межеге жетті деуге болады. Әрине, ол түсінікті де, адам шығыны мен соғыс ойранының құны тым жоғары. Осындай жағдайда үшінші тараптардың – Еуропа, АҚШ, сондай-ақ бейтарап алаң ұсынуға әзір бақылаушы мемлекеттердің рөлі ерекше маңызға ие.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы