Қытайдың кеме иелері қауымдастығы (CSA) АҚШ-тың Қытайда жасалған немесе қытайлық верфтерден тапсырыс берілген кемелерге жоғары порттық алым енгізу туралы шешіміне қарсылық білдірді. Олар бұл бастаманы халықаралық ережелерді бұзу деп санайды.
Дональд Трамп әкімшілігі бұл алымнан түскен қаражатты АҚШ-тың кеме жасау саласын дамытуға жұмсауды жоспарлап отырғанын айтады. Бұл шешім Қытайдың теңіз жүк тасымалы нарығындағы ықпалын шектеуге бағытталған.
Алайда CSA бұл шараны “әділетсіз” және “дискриминациялық” деп бағалады. Жаңа алымдар ДСҰ (Дүниежүзілік сауда ұйымы) ережелеріне және Қытай мен АҚШ арасындағы 2003 жылғы теңіз келісіміне қайшы келеді. Сарапшылардың пікірінше, жүк тасымалы қымбаттап, АҚШ тұтынушыларына $30 млрд қосымша шығын түседі, ал экспорттың бағасы екі есе өседі.
Қытайдың сыртқы істер министрлігі бұл шара АҚШ-тың кеме жасау саласына пайда әкелмейді деп мәлімдеді. Пекин өз мүдделерін қорғау үшін қажетті шараларды қабылдайтынын ескертті.
Бұған дейін АҚШ Қытай тауарларына 10% салық салған, ал Қытай оған жауап ретінде АҚШ-тың мұнай, ауыл шаруашылық техникасы, көлік және сұйытылған газ сияқты өнімдеріне салық енгізді.