Халықаралық «Caspian Startup-2022» байқауының қорытындысы шықты

7 Маусым 2022, 14:45
1738
Бөлісу:
Халықаралық «Caspian Startup-2022» байқауының қорытындысы шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтау қаласындағы Зияткерлік мектепте «Caspian Startup-2022» халықаралық стартаптар байқауының қорытындысы шықты. Бұл туралы NIS-тің баспасөз қызметі хабарлады.

2022 жылы дәстүрлі байқауға Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстаннан 120-дан астам жоба келіп түсті. Олардың барлығы табысты стартаптарды құру және ілгерілетуге, сондай-ақ стартап мәдениетін қалыптастыруға, инвесторлар тартуға, зияткерлік меншікті қорғауға бағытталған.

Финалдық турға қатысушылар «Болашақтың мектебі», «Әлеуметтік мәселелерді шешу», «Туризм» номинациялары бойынша табысты өмір сүруді қамтамасыз ететін IT-стартаптарды ұсынды.

Жыл сайын жобалардың саны артып келеді, олардың атаулары авторлардың азаматтық ұстанымы мен жаһандық жауапкершілігін растайды, сондықтан біз «Caspian Startup-2022» байқауын әлеуметтік тақырыпқа арнадық, –  дейді  Ақтаудағы Зияткерлік мектеп директоры Әсел Бейсембинова.

Demo Day алаңында Astana HUB өткізген шеберлік сағаттар топтамасы да сұранысқа ие болды. Оқушылар бірінші шеберлік сағатта «Стартап және технологиялық кәсіпкерлік дегеніміз не?» сауалы төңірегінде білім беру бағдарламалары кеңсесінің аға менеджері Назира Ізбасармен бірге ой бөлісті.

Astana HUB және Ұлттық зияткерлік меншік институтының қолдауымен Ақтауда өткен Caspian Startup байқауының финалдық қатысушылары үшін ауқымды оқыту ұйымдастырылды, интерактивті сессиялар мен мастер-класстар бизнес-коммуникациялар, STEM-білім, бағдарламалау, авторлық құқық, биотехнология, фармакология, баламалы энергия көздері, сондай-ақ бүгінгі заманның басты басымдықтарына арналды. 

Криминалистикадағы заманауи химиялық талдау әдістеріне арналған «Шерлок Холмстың ұрпақтары» атты жоспарлы шеберлік сағаты үлкен қызығушылық тудырды.

Зияткерлік мектептерді дамыту департаментінің директоры Рустам Абилов пен Astana HUB-тың басқарушы директоры Жамбыл Махметов қол қойған меморандум NIS пен IT-стартаптардың халықаралық технопаркі арасындағы табысты ынтымақтастықтың қисынды жалғасы болды.

NIS халықаралық бакалавриат мектебінің оқушылары ұсынған TazaLike жобасы әділ-қазылар алқасының көңілінен шықты. 

TazaLike жобасы қалалардағы қай аумақтың көбірек қоқыстанғанын анықтайтын қосымша. Бұл қосымшаны танымал ойын маркеттерінен жүктеп алуға болады. Бастысы БҰҰ-ның HABITAT сынды жобаларына пайдалы, – дейді NIS халықаралық бакалавриат мектебінің оқушысы Амина Рахимбергенова. 

Арман Жалғасбаев, көкшетаулық команда және Ақтаудағы NIS өкілдері Диана Куванбай мен Данил Мухалев («Робот-терапевт SenimPlus» жобасы) Қазақстан-Британ техникалық университетінің гранттарын иеленді. Сондай-ақ үздік жоба авторларына Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің гранттары табыс етілді.

«Caspian Startup-2022» байқауының қатысушылары үшін Маңғыстау өңірінің киелі жерлеріне экскурсиялар, психологиялық тренингтер, шығармашылық шеберлік сағаттары мен спорттық ойындар ұйымдастырылды. 

Өзгелердің жаңалығы