Халықаралық саясат және экономика институтының Еуразиялық зерттеулер орталығының басшысы Душан Пророковичке дауыс берушілердің көпшілігі өзін селфиге түсіруі оғаш көрінген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол бұл туралы Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында айтты.
Мен бірқатар сайлау учаскелерінде болдым. Бұзушылықтар жоқ. Сайлауды ұйымдастыру деңгейі өте жоғары деңгейде. Мен үшін оғаштау көрінген жалғыз нәрсе – сайлаушылардың көпшілігі өздерін сайлау учаскелерінде селфиге түсіруі. Бұл жақсы ма, жаман ба білмеймін, бірақ басқа мемлекеттерде мұндайды байқаған жоқпын, - деді ол.
Ал Жерорта теңізі Еуразиялық зерттеулер қауымдастығы директорының орынбасары Стефано Верноле сайлау науқанының посткеңестік елдерге ортақ ерекшелігін атады.
Менің посткеңестік елдер бойынша көптеген сайлау науқанына қатысқан тәжірибем бар. Ол елдерге ортақ нәрсе дауыс беру мерекелік шара ретінде өтеді. Волонтерлар сусындар мен тіскебасарлар ұсынып жатыр. Сайлаушылар үшін бюллетеньмен суретке түсу өте маңызды. Яғни мерекелік көңіл күйді байқауға болады, - деді ол.
«Marmara Group» қорының басшысы Доктор Мехмет Аккан Сувер болса, халықтың, оның ішінде жастардың сайлау науқанына қатысу белсенділігі жөнінде айтты.
Жастар сайлауға белсенді қатысып жатыр. Бұл – қуантарлық жайт. Өзінің сайлау құқығын алғаш рет пайдаланған сайлаушыларға әртүрлі сыйлықтар берілді. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, халық сайлау учаскелеріне келіп, сайлауға белсенді қатысып, елдің саяси өміріне, дамуына үлес қосып жатыр, - деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Халықаралық Түркі академиясының аға сарапшысы Тимур Козырев те өзі аралаған учаскелерде тәртіпбұзушылық болмағанын жеткізді. Сонымен қатар Кавказ тарихы орталығының директоры Ризван Наджаф оглы Гусейнов «Барлығына қарсымын» деген жолдың болуы ұнағанын айтты. Ал Армения Республикасы Ұлттық жиналысының Өңірлік мәселелер және еуразиялық интеграция мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары Вагаршак Акобян сайлауды ұйымдастыру деңгейі жоғары екенін атады.