Халықаралық автотасымалдауға рұқсат беру қағидаларына өзгерістер енгізілді

6 Желтоқсан 2023, 15:46
434
Бөлісу:
Халықаралық автотасымалдауға рұқсат беру қағидаларына өзгерістер енгізілді
Фото: Көлік министрлігі

Қазақстан Республикасы Көлік министрінің 2023 жылғы 28 қарашадағы № 105 бұйрығымен отандық тасымалдаушылар үшін жүктерді халықаралық автомобильмен тасымалдауды және өзге де рәсімдерді жүзеге асыруға рұқсат алу жөніндегі талаптарды оңтайландыру бөлігінде халықаралық автотасымалдауға рұқсат беру қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сондай-ақ шетелдік тасымалдаушылардың отандық рұқсаттарды толтыру жөніндегі талаптарды нақтылау бөлігінде рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларына өзгерістер және қарама-қайшылықтарды жоюға бағытталған басқа да түзетулер енгізілді.

Аталған түзетулер шеңберінде жүктерді халықаралық автотасымалдаудың отандық нарығын дамытуға, отандық нарықты қорғауға және адал отандық тасымалдаушыларды қорғауға бағытталған нормалар көзделген.

Бұйрықпен келесі талаптар алынып тасталды:

- қоршаған ортаға эмиссиялар үшін ақы төлеу жөніндегі декларациялар;

- Мемлекеттік кірістер органдары алдында берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер;

- халықаралық тасымалдау көлік құралын тауарларды кедендік пломбалармен және мөрлермен расталған тасымалдауға жіберу туралы куәліктің электрондық көшірмесі;

- экологиялық қауіпсіздік дәрежесін растайтын нотариалды куәландырылған құжаттың электрондық көшірмесі;

- жүргізушілермен жасалған еңбек шарттарының көшірмесін қолдану қажеттілігі;

- автокөлік құралын жалдау шартын, тахографты тексеру туралы куәлік пен сертификатты міндетті нотариалды куәландыру бойынша норма жойылды;

- шетелдік рұқсаттарды қолдана отырып рұқсат алу мерзімі 2 жылдан алты айға дейін қысқартылды;

- электрондық шот-фактураларды ұсыну қажеттілігі туралы талап алып тасталды;

-VIN-код бойынша автокөлік құралын есепке алу бойынша талап енгізілді.

Бұл бұйрық шетелдік рұқсаттардың жасанды тапшылығын және жосықсыз компанияларды нарықтан шығаруға, оның ішінде халықаралық тасымалдардың көлеңкелі нарығын жоюға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда бұйрық Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде жарияланып, 2023 жылғы 5 желтоқсаннан бастап күшіне енді.

Өзгелердің жаңалығы