Халық табысы соңғы 10 жылда 10,8 пайызға төмендеген

10 Наурыз 2022, 10:16
1786
Бөлісу:
Халық табысы соңғы 10 жылда 10,8 пайызға төмендеген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында айтты. 

11 қаңтарда Мемлекет басшысы Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысының төмендігі проблемаларына тоқталып, Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Осы тапсырманы орындау мақсатында Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен, Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және сарапшылық қауымдастықпен бірлесіп, кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейі бойынша нақты жағдайға талдау жүргізіп, Бағдарлама жобасын әзірледі, - деді ол. 

Министр атап өткендей, талдау нәтижелері бойынша, тұрақты оң динамикаға қарамастан, соңғы екі жылда халықтың нақты ақшалай табысының өсу қарқыны 2019 жылғы 6,4%-дан 2021 жылғы 2,9%-ға дейін баяулағаны айқындалды.

Сонымен қатар халық табысының құрылымында еңбек етуден түсетін кірістердің төмендеуі және әлеуметтік трансферттерден кірістердің өсуі байқалады. Халықтың еңбек етуден түсетін табысының үлесі соңғы 10 жылда 10,8 пайыздық тармаққа төмендеді. Өз кезегінде, әлеуметтік трансферттердің үлесі, керісінше, 10 пайыздық тармаққа өсті, - деді ол. 

Жүргізілген талдауды ескере отырып, Халықтың табысын арттыру бағдарламасында мына  басымдықтар белгіленді:

1) жұмысшы жастар;

2) Халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру;

3) Бюджет жұмыскерлеріне лайықты жалақы;

4) Еңбек кірісіндегі теңгерімсіздіктерді жою;

5) Ауыл шаруашылығында, өңдеу өнеркәсібінде тиімді жұмыспен қамтуды дамытуды ынталандыру; 

6) кәсіпкерлік кірістің өсуін ынталандыру;

7) Табыстың сатып алу қабілетін қорғау.

Үкіметтің бүкіл экономикалық саясатының жалпы мақсаты халық табысын арттыру болғандықтан, Бағдарлама ұлттық жобалармен өзара байланысты. Бағдарлама шеңберіндегі шараларды шартты түрде тікелей және жанама деп бөлуге болады. Тікелей шаралар бюджет жұмыскерлерінің жалақысын көтеруге және кірістердегі теңгерімсіздікті теңестіруге бағытталған, - деді ол. 

Өзгелердің жаңалығы